«GATE CITY» серіктес қаласының аумағында жаңа тұрғын үй кешендері салына бастайды. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың «BI Group» холдингінің өкілдерімен кезедесуі кезінде айтылды деп хабарлайды Алматы облысының әкімдігі Баспасөз орталығы.
Кеше өткен кездесуде осы құрылыс мәселесіне қатысты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екі жақты келісім кезінде Лаззат Тұрлашов «GATE CITY» аумағындағы тұрғын үй кешендері құрылысының жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылатынын айтты. Тұрғын үйлермен қатар мұнда барлық қажетті әлеуметтік нысандар да тұрғызылады.
— Өздеріңізге белгілі, «GATE CITY» Алматы – Өскемен республикалық жолының бойында Алматы-Қапшағай учаскесінде орналасады. Жобаның басты мақсаты – заманауи құрылымдық «ақылды» қала құру, бизнесті дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік жасау, Алматы мегаполисінің маңынан жаңа «ақылды» қала салу. Жобаны облыс әкімі ерекше бақылауға алып отыр, — деді Лаззат Махатұлы.
Жоба әкімшісі «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ мәліметіне қарағанда бұған дейін «Жетісу» ӘКК алаңында холдинг өкілдерімен бірнеше мәрте кездесулер өткізіліп, жер учаскелерін бөлу, жобаның экономикалық және техникалық негіздемелері жайлы талқылаулар болған.
— Бұл меморандум бірлескен жұмыстың басталғанын айғақтайды. Енді жобалау, эскиздер дайындау жұмыстары басталады. Учаскеде 100 гектардан астам жерге 590 мың шаршы метр тұрғын үй, үш мектеп, бірнеше балабақша, дәрігерлік амбулатория және басқа да нысандар салу жоспарланған. Сол сияқты саябақтар мен скверлер де жасалады, — деді «BI Development Almaty» компаниясының бас директоры Айдос Мұқатаев. Атап өтсек, БАКАД автожолының оңтүстігінде, Іле ауданы аумағында орналасатын «GATE CITY» серіктес қаласы инфрақұрылымы дамыған, қаржы-іскерлік, білім және ғылыми-медициналық орталық, өнеркәсіптік және сауда-логистикалық хаб болады деп жоспарланып отыр. Серіктес қаланың жалпы аумағы — 134 гектар.