Экологиялық жәрмеңкеге қаратаулықтар да қатысты

Шымкент қаласындағы Достық үйінде қоршаған ортаны қорғау және тұрақты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған “Дармарка” және “ЭкоКүн” атты экологиялық жәрмеңке

Шымкент қаласындағы Достық үйінде қоршаған ортаны қорғау және тұрақты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған “Дармарка” және “ЭкоКүн” атты экологиялық жәрмеңке ұйымдастырылды. Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясын қолдауға арналды. Шараға Қаратаулықтар да ат салысты.

“Дармарка” — тұтыну мәдениетін өзгертуге бағытталған әлеуметтік бастама. Жәрмеңкеге қатысушылар өз үйлеріндегі жақсы күйдегі, бірақ өздеріне қажетсіз заттарды әкеліп, басқалармен тегін алмасты. Шара барысында таза және ұқыпты киімдер, кітаптар, балалар ойыншықтары және тұрмыстық заттар қабылданды. Бұл бастама артық заттарды кәдеге жарату арқылы экологиялық жауапкершілікті арттыруды көздейді.

“ЭкоКүн” — қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды қабылдау акциясы. Қала тұрғындары пластик (ПЭТ бөтелкелер), шыны, қағаз, картон және алюминий банкаларды өткізуге мүмкіндік алды. Акция тұрғындарды қалдықтарды сұрыптауға үйрету және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараға “New Wave” жастар қозғалысы, Шымкент қаласындағы “Неміс” мәдени орталығы, “Екінші өмір” үйсіз жануарларға көмек көрсететін қайырымдылық қоры, “Добряки Шымкента” және “28 ілмек” әлеуметтік бастамасы қатысты. Экологиялық жәрмеңке қала тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға және тұрақты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды қадам болды.

Экологиялық жәрмеңкеге қатысушы ұйымдар мен қорлар өздерінің қызметтері туралы ақпарат беріп, тұрғындарды экологиялық проблемаларға назар аударуға шақырды. Шара барысында қалдықтарды қайта өңдеудің маңыздылығы, табиғи ресурстарды үнемдеу және қоршаған ортаны қорғаудың қарапайым жолдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шара Шымкент қаласының тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға және олардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін нығайтуға зор үлес қосады деп сенеміз. Достық үйінде өткен экологиялық жәрмеңке тұрақты қоғам құруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.