Қазіргі қоғамда адамның табиғатпен қарым-қатынасы бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы, ауаның, судың және топырақтың сапасының нашарлауы – барлығы адамзаттан жаңа экологиялық көзқарас пен жауапкершілік талап етеді. Бұл ретте экологиялық мәдениет қалыптастыру – уақыт талабы ғана емес, ұлт болашағы үшін де аса маңызды қадам.
Шымкент қаласында, әсіресе Қаратау ауданында экологиялық мәдениетті дамыту бағытында бірқатар игі істер жүзеге асып жатыр. Мектептер мен балабақшаларда “Жас табиғат жанашыры” секілді үйірмелер ашылып, жас ұрпаққа табиғатқа жанашырлықпен қарау дағдылары үйретілуде. Қалалық сенбіліктер, ағаш отырғызу акциялары, каналдарды, өзен жағалауларын тазарту жұмыстары – мұның бәрі тек экологиялық емес, тәрбиелік сипатқа да ие.
Экологиялық мәдениет – бұл тек қоқыс тастамау немесе ағаш отырғызу ғана емес. Бұл — табиғатқа деген ішкі құрмет, санадағы тазалық. Әрбір азамат өз үйінің, көшесінің, тіпті қаласының тазалығына жауапты екенін сезінгенде ғана экологиялық мәдениет шынайы қалыптасады. Қаратау ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер ауласында орнатылған бөлек қоқыс жәшіктері, қайта өңдеуге арналған контейнерлер — бұл да мәдениеттің бір көрінісі.
Қала әкімдігі мен қоғамдық ұйымдар тарапынан өткізілетін экологиялық тренингтер мен семинарлар тұрғындардың ой-санасын оятуға бағытталған. Қаратау ауданында түрлі жастағы тұрғындар арасында экологиялық тақырыпта сурет, эссе байқаулары мен квест ойындар ұйымдастырылып келеді. Бұл — ұрпақ тәрбиесіндегі тиімді тетік.
Болашақта қаланың көркейіп, табиғаты сақталуы үшін бүгіннен бастап экологиялық мәдениетті қалыптастыруымыз қажет. Әсіресе балалар мен жастарға осы бағытта дұрыс тәрбие беру – ұзақ мерзімді нәтижеге бастайтын ең сенімді жол.