27 наурызда ғаламшар тұрғындары Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры бастамашы болған «Жер сағаты» ауқымдя акциясына қатысады деп хабарлайды ҚР ЭГТРМ баспасөз орталығы. Қазақстанда бұл шараға кезекті рет атсалысады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев өз Twitter парақшасында қазақстандықтарды осы экологиялық науқанға белсенді қатысуға шақырды.
«Бүгін Қазақстан дәстүрлі түрде әлемдегі ең ауқымды «Жер сағаты» экологиялық акциясына қатысады. Бұл күні 180 елдің миллиондаған тұрғындары 1 сағатқа жарық пен электр құрылғыларын сөндіреді. Акцияның негізгі мақсаты – адамзатты табиғатқа жанашырлық танытуға, ғаламшар климаты мен оның шектеулі ресурстарын сақтау үшін шаралар қабылдауға шақыру. Қазақстанда «Жер сағаты» акциясы жыл өткен сайын танымал болып келеді. Егер бұрын науқанды тек ірі қалалар қолдаса, соңғы екі жыл қатарынан барлық өңірлер қосылып жатыр»,- деп жазды министр.
Мағзұм Мырзағалиевтің ойынша, акция әлем халқын экологиялық проблемаларды шешу жолында біріктіреді.
«Биыл Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры «Жер сағаты» акциясын экологиялық ашықтық тақырыбына арнады. Экологиялық проблемаларға бей-жай қарамайтын барлық азаматты осы әлемдік науқанға қатысуға шақырамын. Жергілікті уақыт бойынша 20:30-да бір сағатқа жарықты сөндіру керек. Бұл бар ғаламның экологияны қорғау мен сақтау жолында бірігуіне зор серпін береді деп сенем»,- дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, акцияға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ, «Жасыл» экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ, «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Eco Fund Tabigat» қоғамдық қоры мен әкімдіктер қатысады. Жергілікті уақыт бойынша 20:30-да елордада Ақорда, Мәңгілік Ел монументі , Әзірет сұлтан мешіттері секілді нысандардың декоративті жарығы өшіріледі. Эйфель мұнарасы, Биг Бен, Колизей сияқты әлемнің танымал сәулет ескерткіштерінің де жарығы 1 сағатқа сөнеді.