Табиғатты қорғау әрбір адамның міндеті. Табиғатты қорғау — бұл табиғи жер және су ресурстарын ұтымды пайдаланып, сақтауды және ұдайы өсіруді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік, қоғамдық, әкімшілік-шаруашылық, техникалық-өндірістік, экономикалық және заңды шаралар жүйесі. Бүгінгі таңда экология ең өзекті мәселе болып отыр.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Шымкент қаласы тұрғындарымен кездесіп, азаматтардың мәселелерін, талап-тілектерін тыңдады. М.Әуезов атындағы ОҚУ-да өткен жиынға оқытушылар, студенттер және қала тұрғындары қатысты.
Е.Нысанбаев министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, азаматтардың сауалдарына жауап берді. Атап айтқанда, басқосуда оқу орнының ұстаздары ірі өндіріс орындарынан көбірек іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндік жасауды өтінді. Қала тұрғындары өндіріс орындарынан шығатын қалдықтар мәселесін көтерді.
—Елімізде ауаға зиянды қалдықтар шығаратын жалпы 91 ірі кәсіпорын бар. Олардың бәріне автоматтандырылған мониторинг жасайтын құрылғы орнатылуда. Бәрін онлайн режимде көріп отырамыз. Мұндай құрылғылар барлық өңірдегі кәсіпорындарға қойылып жатыр. Жалпы 2025 жылдың қаңтарына дейін орнату жоспарда бар. Сондай-ақ, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде ағаш отырғызу жүріп жатыр. Қараша айында атқарылған жұмыстар зерделенеді. Шымкентте көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Дегенмен қалаға жапырақты ағашты көп отырғызу керек, — деді министр.
Сонымен қатар, Экология және табиғи ресурстар министрі ғылыми жұмыстарды қаржыландыру бойынша түрлі бағдарламалар жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Ал өндірістік тәжірибеден өту бойынша сала мамандарына тапсырма берді. Ендігі ретте бұл бағытта бағдарлама жасалынбақ.