Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізді түпкілікті жаңғыртып, Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған ауқымды реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл реформалар Қазақстанның құқықтық, саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйесін жетілдірумен ғана шектелмей, қоғамдық сананы да жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды көздейді.
Расында соңғы бір жарым жылдың ішінде көптеген өзгерістерге куә болып отырмыз. Конституциялық реформаның аясында еліміздің саяси жүйесіне елеулі өзгерістер енгізіліп, билік тармақтары арасындағы тепте-теңдік нығая түсті. Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың рөлі мен ықпалы артып, халықтың шешім қабылдау процесіне араласу мүмкіндігі молая түсті. Бұл өз кезегінде, Президент айтқандай, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнығуына әсер етті. Қала берді елімізде адам құқықтарын қорғаудың заңды тетіктері күшейтіле түсті. Конституциялық сот қалпына келтіріліп, адам құқықтары жөніндегі уәкілдердің тұтас институты жұмыс істей бастады.
Дегенмен, еліміздің дамуы мен өркендеуін бір ғана саяси реформалар арқылы қамтамасыз ету әсте мүмкін емес. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет» деп атап өтті. Сол себепті ел Президентінің биылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын бұған дейінгі жүзеге асырылған құқықтық және саяси реформалардың заңды жалғасы деп атауға толық негіз бар.
Президент Жолдауда ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттармен қатар, әлеуметтік-экономикалық даму бойынша орта мерзімді келешекте, яғни, алдағы 3 жыл көлемінде атқарылуы тиіс нақты міндеттерге басымдық берді. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібін, агроөнеркәсіп кешенін, қоғаныс өнеркәсібін, инфрақұрылым мен транзиттік әлеуетті және креативті индустрияны дамыту, орта кәсіпкерлікті дамытып, бұл сектордағы бәсекелестікті арттыру жөнінде нақты міндеттер мен межелер белгіленді.
Бұл міндеттердің орындалуы ұлттық экономиканың өсімін жылына 6-7 пайызға дейін арттырып, жалпыұлттық ішкі өнім көлемі 2029 жылға дейін 2 есеге ұлғайып, 450 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай асқақ мақсатқа қол жеткізу үшін еліміз өндірістің барлық негізгі факторларының – еңбек, капитал, ресурстар мен технологиялардың әлеуетін тиімді пайдалануы тиіс.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда» деп атап өтті.
Осы орайда, Шымкент қаласындағы 5 өнеркәсіптік аймақта барлығы 337 жоба жүзеге асырылып жатқан болса, бүгінгі күнге дейін 273 жоба іске қосылып, кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл жобаларға 216 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, соның нәтижесінде ашылған зауыт-фабрикаларда 8 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Шымкент қаласына инвесторлардың қызығушылығы артып, біздің қаладан жаңа кәсіпорындар ашуды көздейтіндердің көбеюіне байланысты бүгінде жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистика аймағының аумағын кеңейту көзделіп отыр. Жаңа өнеркәсіптік аймақтарда инвестициялық құны 400 миллиард теңгені құрайтын 284 жоба жүзеге асырылады. Мәселен, бір ғана «Жұлдыз» индустриалды аймағында 2023-2026 жылдары ашылып, машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы бағыттарында жұмыс істейтін 50 кәсіпорынның пулы жасақталған. Жоспарға сәйкес, бұл жобаға 200 миллиард теңгедей инвестиция тартылып, «Жұлдыз» индустриалды аймағындағы зауыт-фабрикаларда 5 мыңнан астам адам еңбек ететін болады.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісінің де ел дамуындағы маңызы айрықша. Бұл жөнінде Қ.Тоқаев «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек» деп атап өтті. Бұл дегініміз — алдағы уақытта елімізде ірі компаниялар пайда болады деген сөз. Ал одан қоғамның ұтары көп. Өйткені аталған саланың дамуы ауылдың гүлденуіне, шалғайдағы елді мекендерде жаңа жұмыс орындарының құрылуына, халықтың табысының артуына, бағаның тұрақтануына әкеледі.
Осы орайда, Президентіміздің агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім көлемін 70 пайызға дейін жеткізу жөніндегі міндетін орындауға Шымкент қаласы да өзіндік үлесін қосуға дайын. Олай дейтініміз, биыл жыл соңына дейін қаламыздағы «Бозарық» агроиндустриалды аймағындағы инженерлік-инфрақұрылымдық желілердің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Жалпы аумағы 132 гектарды құрайтын бұл индустриал аймақта өндірістік жылыжай кешендерімен қатар, көкөніс, жеміс-жидек пен өзге де азық-түлік өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын заманауи кәсіпорындар ашылады. Онда көршілес Өзбекстан мен Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан жеткізілген аграрлық өнімдер терең өңделіп, республика нарығына шығарылады. Нақтырақ айтар болсақ, «Бозарық» агроиндустриалды аймағында жалпы инвестициялық құны 22,7 миллиард теңгені құрайтын 21 жобадан тұратын пул әзірленген. Аталған кәсіпорындар іске қосылған кезде онда 1 800 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Президент атап айтқан тағы бір басым бағыт – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту. Мұның маңызын әлемде болып жатқан оқиғалар айқын көрсетті. Қазіргі таңда импортқа иек артып, өзгеге сенуге әсте болмайды. Қуатты әскер – қоғам тұрақтылығының кепілі. Сондықтан әскерімізді жоғары технологиялы қару-жарақпен, әскери техникамен, оның ішінде Мемлекет басшысы атап айтқан бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықтаудың маңызы зор. Жолдауда айтылған бағыттар мен жүктелген тапсырмалар қорғаныс саласының тамырына қан жүгіртіп, қуатты әскер жасақтауға негіз болады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Жолдауда реттелетін сатып алулардағы офтейк-келісімшарттардың үлесін 10 пайызға дейін жеткізу; инфрақұрылымның тозуын ескере отырып, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне ерекше назар аудару; су тапшылығы және озық су үнемдеу технологияларын енгізу; жаңа жағдайда елдің көлік-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану; жаңа креативті индустрия орталықтарын құру және дамыту секілді маңызды мәселелерге тоқталып, осы бағыттарда атқарылуы тиіс жұмыстарды айқындап берді.
Осынау күрделі әрі ауқымды міндетті уақтылы әрі сапалы орындау үшін экономика салаларының жұмыс істеу механизмін толығымен өзгерту көзделіп отыр. Атап айтқанда, атқарушы билік, орталық және өңірлер жүйесіндегі өзара қарым-қатынастар логикасы қайта қаралды. Бұған қоса мемлекет салықтық ынталандырудың, нормативтік және құқықтық реттеудің жаңа шараларын енгізуді жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауы негізінен экономикалық саясат мәселелеріне арналғанымен, онда әлеуметтік салаға қатысты мәселелер де ескерусіз қалмаған. Бұл ретте Жолдауда жалақыны арттыру, жұмыспен қамтуды, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім алудағы теңдікті және азаматтық құқықтарды іске асыру сияқты бастамаларды атап өтуге болады. Яғни, Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық модель қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге халықтың әл-ауқатын сапалық тұрғыда жақсартуды және адами капиталдың табиғи дамуын да қамтитын шараларды көрсетіп берді.
Мәселен, әлеуметтік-экономикалық реформаларды табысты орындауда отандық білім жүйесіне де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мемлекет басшысы соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысы 2 есе көбейгенін, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанына тоқталып, сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы екенін жеткізді.
Президент «Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа» деп нақтылай келе, «білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» екеніне айрықша назар аударды. Бүгінде еліміздің экономикасының көптеген салаларында білікті кадрлардың тапшы екені, әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейтіні шындық. Сол себепті мемлекет алдағы уақытта бұл салалардағы білім беруді дамыту ісін мықтап алмақ.
Иә, елдің дамуы қашан да азаматтарының адами әлеуетіне байланысты екені баршаға аян. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда осы мәселеге айрықша назар аударды. Ол еліміздің дамуының негізі болатын егіз құндылықтар – адалдық пен әділеттілік екенін атап көрсетті.
Президент бастамасымен қолға алынғалы отырған ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалар Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі күш-қуатын арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсарта түсетіні сөзсіз. Сөз жоқ, бұл – өте асқақ мақсат. Оған қол жеткізу үшін бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Міне, осы тұста Президент айтқан адалдық пен әділеттілік дейтін құндылықтардың маңызы ортаға шығады. Мемлекет басшысы айтқандай, «адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайтыны» ақиқат. Сондықтан ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, орнықты дамуға бет алған, алдыңғы қатарлы мемлекет болуымыз үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы көрсетіп берген «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болуға» ұмтылуымыз шарт.
Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы