Түркістан қаласы – еліміздің мәдени, тарихи және экономикалық орталығы. Қалада болып жатқан маңызды оқиғалардың бірі – атом электр станциясын (АЭС) салу бойынша мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы. Осыған орай, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықтың энергияға деген қажеттілігін толықтыру және экономикалық дамуды ынталандыру мақсатында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қолға алынуда.
Түркістан қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрсұлтан Төленұлы Байтілесовтың жетекшілігімен халықтық штабтың мүшелері атом электр станциясы (АЭС) салу бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Депутат және штаб мүшелері қаланың бірнеше мекемесіне барып, тұрғындармен кездесулер өткізіп, АЭС-тің Қазақстан экономикасына, экологиясына және энергетикалық қауіпсіздігіне тигізетін ықпалы жайлы ақпаратпен бөлісті.
Кездесулердің алғашқысы «Бекзат» Бастауыш партия ұйымының мүшелерімен өтті. Нұрсұлтан Төленұлы жиналғандарды 6 қазан күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды. Келесі кездесуде «Түркістан Су» мекемесінің қызметкерлерімен байланыс орнатылды. Бұл жерде депутат АЭС-тің артықшылықтарын, оның еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына қосар үлесін түсіндірді.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Төленұлы штаб мүшелерімен бірге сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатына барып, сол жерде білім алып жатқан балалар мен ұстаздармен де АЭС салу мәселесі жөнінде пікір алмасып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Ондағы педагогтар мен оқушылар АЭС туралы қойған сауалдарына депутат пен штаб мүшелері жауап беріп, олардың пікірлерін тыңдады.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Төленұлы және штаб мүшелері бүгінгі кездесуге қатысқан барлық тұрғындарға алғыстарын білдірді. Депутат тұрғындардың белсенділігі мен қолдауына дән ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтіндерін атап өтті. АЭС салу мәселесі – тек техникалық немесе экономикалық тұрғыдан емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды.
Атом энергетикасын дамыту – еліміздің болашағы үшін жауапты қадам. Қазақстанның энергия көздері әртүрлі болуы тиіс, және АЭС салу – жаңартылатын энергия көздерін толықтыратын, экологиялық таза энергияны қамтамасыз ететін бірден-бір шешім. Депутат Нұрсұлтан Төленұлы және халықтық штабтың мүшелері тұрғындарға референдумға белсенді қатысу арқылы, еліміздің энергетикалық болашағын анықтауға мүмкіндік беретіндерін атап өтті. Энергетикалық трансформацияның жолында әрбір азаматтың дауысы маңызды.