Жақында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті аумақтық департаменттерінің қызметкерлері құқық қорғау және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің (бұдан әрі – мобильдік топ) қатысуымен цифрлық майнинг объектілерін анықтау мақсатында бірлескен тексерулер жүргізді.
Мобильді топтар жүргізілген тексерулер нәтижесінде соңғы 5 күнде жалпы тұтыну қуаты 202 МВт болатын 13 майнинг-ферманы анықтап, жұмысын тоқтатты.
Төменде цифрлық майнинг объектілері қызметінде анықталған фактілер бойынша мобильді топтар жұмысының нәтижелері толығырақ берілген.
Цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыру фактісі: Қарағанды облысында жалпы қуаты — 31,3 МВт., Павлодар облысында — 22 МВт., Түркістан облысында — 3,28 МВт, Ақмола облысында — 1,03 МВт., Қостанай облысында — 0,82 МВт, Нұр-Сұлтан қаласында — 1,8 МВт., Алматы қаласында — 3,5 МВт., Шымкент қаласында – 4 МВт.
Сондай-ақ цифрлық майнингке өздігінен шектеу енгізілген: Батыс Қазақстан облысында жалпы қуаты — 91 МВт, Қарағанды облысында — 44 МВт.
Майнинг фермаларын анықтау және электр желілерінен ажырату бойынша мобильді топтың жұмысы жалғасады, сондай-ақ анықталған майнинг фермалары бойынша уәкілетті органдар жедел тергеу іс-шараларын жүргізуде.
(Фото Kapital.kz сайтынан)
ҚР ЭМ баспасөз орталығы