Яндекс Іздеу жүйесіндегі Нейроға қазақстандықтардан қойылған сұрақтар саны күніне 2 миллионға жетті

Яндекс Іздеу

 Қазақстандық пайдаланушылар Яндекс Іздеудегі Нейроға күн сайын орта есеппен 2 миллион сұрақ қояды — бұл елдегі барлық іздеу сұраныстарының шамамен төрттен бірі. Уақыт өте келе Нейро қосылған Яндекс Іздеудің танымалдығы артып келеді. Жыл басынан бері Нейро жауаптарын көріп, олармен әрекеттесетін пайдаланушылар үлесі екі есеге өсті. Бұл жауаптарды нейрожелілер пайдаланушы сұранысына қарай автоматты түрде құрастырады — оларды іздеу нәтижелері бетінде көруге болады, әрі қарай пайдаланушы толық жауапты ашып оқи алады немесе қосымша сұрақтар қоя алады.

Нейрожелілер қазақстандық пайдаланушыларға білім, ойын-сауық, саяхат, автокөлік және басқа да түрлі тақырыптар бойынша жауап табуға көмектеседі. Яндекс Іздеу аналитиктері нейрожелілер интернеттен ақпарат іздеуге күніне 30 минутқа дейін уақыт үнемдеуге мүмкіндік беретінін есептеді.

Қазақстанда Нейро қосылған Яндекс Іздеу дамуын жалғастыруда. Енді нақты оқиғалар, құбылыстар мен адамдар туралы дайын жауаптар әрдайым жеке блокта көрсетіліп, бір тұжырымды жауап ретінде шығатын болады. Ол пайдаланушының өңірі мен сұранысты қай тілде енгізгеніне қарай қазақ немесе орыс тілінде көрсетіледі. Мысалы, егер «Құрманғазы Сағырбайұлы» деп жазсаңыз, нейрожелілер қазақстандық музыкант туралы қысқаша ақпаратты, оның суреттерін және тыңдауға болатын шығармаларын жылдам ұсынады.

«Қазақстандық пайдаланушылар Нейроға жиі қоятын сұрақтардың арасында ең танымал тақырыптар — білім беру және бірдеңені қалай жасау керек дегендер. Мысалы, ағашты қалай отырғызуға болады, тұсқағазды қалай жапсырады, үйдегі Wi-Fi-ды қалай қосуға болады. Биылғы жылдың басынан бастап білім туралы сұрақтар саны 80%-ға, ал «қалай жасау керек» тақырыбындағы сұрақтар 64%-ға артты. Бұл нейрожелілер адамдарға жаңа білім алуға шынымен көмектесіп жатқанын көрсетеді. Біз өз нейрожелілерімізді дамытуды жалғастырамыз, сонда пайдаланушылар ақпаратты тез әрі ыңғайлы тауып, күнделікті тапсырмаларын оңай шеше алады», — дейді Яндекс Іздеудің Қазақстандағы даму директоры Ұлан Қайырбеков.