Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті жұмыс сапары барысында бірқатар стратегиялық және әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, олардың қазіргі жағдайымен танысты.
Сапар «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамынан басталды. Бұл кәсіпорын қалаға электр энергиясы мен жылу жеткізумен айналысады. Әкім нысанның техникалық жабдықтары мен жұмыс барысын көріп, жылу электр орталығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына алдағы жылыту маусымында тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамту жөнінде нақты міндет жүктеді.
Бұдан кейін қала басшысы «Маятаc» тұрғын алабында салынып жатқан ескек есу спортына арналған (байдарка мен каноэ) спорттық база мен «Ордабасы» футбол клубының оқу-жаттығу базасының құрылыс жұмыстарын аралады. Ғабит Сыздықбеков спорт нысандарының сапалы әрі уақтылы аяқталуының маңыздылығын атап өтіп, дене шынықтыру және спорт басқармасына базаларды қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Әрі қарай әкім «Бозарық» және «Ынтымақ» шағынаудандарында жүргізіліп жатқан жол құрылысының барысымен танысты. Сонымен қатар Республика даңғылы бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығын тексерді. Тексеру қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге жол таңбаларын сызу және барлық жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтауды міндеттеді.
Аралау соңында Ғабит Сыздықбеков Орталық саябақта болды. Мұнда қала кәсіпкерлерінің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған заманауи субұрқақ пайдалануға берілді. Қала әкімі жаңа субұрқақтың инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналып, тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы демалыс аймағы боларына сенім білдірді.
Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, Шымкенттің инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымын, сондай-ақ спорт саласын дамыту – тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған басым бағыттардың бірі. Қала әкімі мұндай жобалар мегаполистің заманауи және қолайлы ортаға айналуына жол ашатынын атап өтті.
