Қазақстанда жол құрылысында өнеркәсіптік қалдықтарды пайдалану жоспары бекітілді

Қазақстанда жол құрылысында өнеркәсіптік қалдықтарды пайдалану жоспары бекітілді

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі жол жобаларында өндірістік қалдықтарды қолдану көлемін арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын бекітті.

Аталған құжат негізгі мемлекеттік органдармен — Экология және табиғи ресурстар министрлігімен, Энергетика министрлігімен, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен келісілген.

Жоспар аясында техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ) – күл, шлак, жыныс қалдықтары және басқа да өндірістік қалдықтарды өңдеу және оларды Қазақстан Республикасындағы жол құрылысына пайдалану бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру көзделген.

Сарапшылардың айтуынша, қайта өңделген техногендік шикізатты қолдану инфрақұрылымдық жобалардың құнын төмендетіп қана қоймай, қоршаған ортаға экологиялық жүктемені едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

«Қайта өңделген қалдықтарды жол салу және жөндеу жұмыстарына тиімді қолдануға болады. Мұндай материалдар сапасы жағынан дәстүрлі материалдардан кем түспейді. Бұл – бәріне тиімді шешім: мемлекет шығынды азайтады, кәсіпорындар қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешеді, ал қоршаған орта тазарады», – деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.

Ғалымдар жоспардың тиімді іске асуы үшін қайта өңделген материалдарды қолдану бойынша тиісті талаптарды заңнамада бекіту қажет екенін алға тартады. Сонымен қатар, қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер мен ынталандыру шараларын қарастыру ұсынылады.

Бұдан бөлек, «ҚазжолҒЗИ» АҚ өңірлердегі өнеркәсіптік шикізатты ғылыми зерттеуге кірісті. Мысалы, Павлодар және Қарағанды облыстарында өндірістік қалдықтарды жол салу саласында пайдалану мүмкіндігін кешенді бағалау жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу нәтижелері бойынша ұсынылатын материалдардың тізімі жасақталып, оларды жол-құрылыс материалдарының Бірыңғай базасына енгізу көзделуде.

Айта кету керек, өндірістік қалдықтарды құрылыс саласында қайта өңдеп қолдану әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын тиімді тәсіл. Ол бір уақытта бірнеше маңызды міндетті шешуге мүмкіндік береді: табиғи ресурстарды үнемдеу, құрылыс шығындарын азайту, қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету және қалдықтарды қайта өңдеу нарығын дамыту.

«ҚазжолҒЗИ» АҚ  ресми өкілі Айнаева Адина