Қазақстанда сыра өнімдерін міндетті таңбалау бойынша пилоттық жоба жалғасуда. Контрафакт қазақстандықтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан қазақстандық зауытта Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторымен бірлесіп, сыра қайнату өнімдеріне кодтарды енгізу үшін жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеу бойынша эксперимент сәтті аяқталды. Эксперимент өндіруші зауыттың арнайы желісінде өтті, (онда сағатына 12 мың бөтелке таңбаланды.
Эксперименттің мақсаты – ТТҚ АЖ-да (Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесі) деректерді тексере отырып, сәйкестендіру құралдарын қолдану процесін тестілеу. Эксперимент аясында барлық қажетті элементтер – жабдық пен бағдарлама іске қосылды және орнатылды. Экспериментке қатысушылар жүйеде тіркелді, ал процеске қатысқан тауарлар бірегей сәйкестендіру кодтарын алды.
Тесттік тексеріс ТТҚ АЖ-ға жіберілген есеп негізінде толық циклде жүргізілді. Процесс келесі қадамдардан тұрды:
- Таңбалау кодтарын қолдану үшін жабдықты орнату және іске қосу;
- Жүйенің жұмысқа қабілеттілігін алғаш рет тексеру;
- Таңбаланған дайын өнімді өндіру.
Сондай-ақ, жұмыс орнындағы таңбалау операторының қызметі көрсетілді, бұл процестің барлық кезеңдерін визуалды бағалауға мүмкіндік берді.
Эксперимент барысында компания өкілдері сыра қайнату өнімдерінің түпнұсқалығын тексерді және Naqty Onim қосымшасында қолданылған сәйкестендіру таңбасының дұрыстығын растады. Мобильді құрылғының кодтарды сканерлеуі процестің сәтті болуына көз жеткізуге мүмкіндік берді, ал барлық есептер ТТҚ АЖ жеке кабинетінде қолжетімді болды.
Естеріңізге салайық, бүгінде қазақстандықтар таңбаланған аяқ киімнің, темекі өнімдерінің және дәрі-дәрмектің түпнұсқалығын Naqty Onim қосымшасында тексере алады.
Айта кетейік, сыра қайнату өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба 2024 жылғы 15 ақпаннан 2025 жылғы 31 наурызға дейін жүзеге асырылады және барлық қатысушылар үшін ерікті болып табылады.
Анықтама: ТТҚ АЖ — тауар қозғалысының барлық кезеңдерінде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылады. Бұл жүйені енгізу мемлекеттік органдар мен нарық қатысушыларына тұтынушыларды контрафактілік және заңсыз өнімдерден қорғай отырып, өнімнің шығу тегі мен сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Naqty Onim қосымшасы пайдаланушылар үшін тауарлардың түпнұсқалығын тексерудің ыңғайлы әдісін ұсынады. Оны пайдалану арқылы тұтынушылар өнімге қатысты барлық қажетті ақпаратты кодты сканерлеу арқылы оңай және тез біле алады.