Қаратау ауданы тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мен инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Соның айғағы ретінде Қайтпас шағынауданында орналасқан христиан мазаратында жаңа аяқжол салынды. Бұл игі істі «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері жүзеге асырды.
Көп жылдан бері мазарат аумағына келушілер үшін жүріп-тұру белгілі бір деңгейде қолайсыздық тудырып келген болатын. Жаңадан төселген аяқжол осы мәселені шешіп, келушілердің қауіпсіз әрі ыңғайлы жүріп өтуіне мүмкіндік берді. Арнайы тас төселіп, жол абаттандыру талаптарына сай жасалды. Сонымен қатар аумақты көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары қатар жүргізілді.
Аяқжол құрылысы тек қолайлылық үшін ғана емес, мәдени және діни нысандардың қадір-қасиетін сақтауға да бағытталған. Қасиетті орындардағы тәртіп пен тазалық – қоғамның рухани мәдениетінің көрсеткіші. Осы орайда, «Қаратау» КММ мамандары тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеріп, жоспарлы жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарып келеді.
Мекеме өкілдері: «Біздің басты мақсатымыз – аудан аумағында абаттандырылған, таза әрі ыңғайлы орта қалыптастыру. Мазараттардағы жағдайды жақсарту – тұрғындарға деген құрметіміздің белгісі», – деп атап өтті.
Жергілікті тұрғындар да бұл игі іске ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, жаңа аяқжол қарттарға да, балаларға да қолайлы. «Бұрын жауын-шашында жол батпақ болып, жүру қиынға соғатын. Енді бәрі ыңғайлы болды. Қызметкерлерге алғысымыз шексіз», – деді тұрғындар.
Алдағы уақытта да Қаратау ауданында осы сияқты абаттандыру жұмыстары жалғасын таппақ. Аудан әкімдігі мен «Қаратау» коммуналдық мекемесі тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жалғастырады.