Қаланың көркеюіне үлес қосқан ардақты тазалықшылар

Қаланың көркеюіне үлес қосқан ардақты тазалықшылар

«Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі күн сайын таңның атысынан кештің батысына дейін қала тазалығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ардақты тазалықшыларға айрықша алғысын білдіреді. Тазалық саласының қызметкерлері – қоғамның көзге көп түсе бермейтін, бірақ еңбегі орасан зор жандар. Қала көшелері мен аулалардың жинақы болуы, тұрғындардың жайлы өмір сүруі ең алдымен солардың маңдай тер еңбегінің арқасы.

Сол еңбек майталмандарының бірі – Аралбаева Ләззат. 45 жастағы көпбалалы ана бүгінде 9 перзент тәрбиелеп отыр. Ол соңғы екі жылдан бері «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде тазалықшы болып қызмет атқарады. Өз жұмысына адал қараған Ләззат апай қала тазалығына үлес қосуды үлкен жауапкершілік әрі абырой деп біледі. «Жұмысым өзіме ұнайды. Әрбір күнімді ел игілігіне арнап жүргенімді сезіну – мен үшін қуаныш әрі мақтаныш», – дейді ол.

Тазалықшының еңбегі оңай емес: күннің аптап ыстығында да, қыстың қақаған аязында да қолына сыпырғыш пен күрек алып, қаланың әр бұрышын тазалауға шығады. Олардың жұмысы көзге көп түспегенімен, әрбір тұрғын үшін аса маңызды. Себебі, таза әрі абат қала – баршаның жайлы өмір сүруіне негіз болатын басты шарттардың бірі.

Мекеме басшылығы мен аудан әкімдігі өкілдері де тазалықшылардың еңбегін ерекше атап өтті. «Мәдениет – тазалықтан басталады. Бұл – тек тазалықшылардың емес, әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Біз бәріміз бірге туған қаламызды таза ұстап, оның көркеюіне үлес қосуымыз қажет», – деді сала мамандары.

Қала тазалығы – тек сыртқы көрініс қана емес, ол – тұрғындардың денсаулығына, психологиялық жайлылығына және өмір сүру сапасына тікелей ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан тазалықшылардың еңбегі – қоғам үшін баға жетпес қазына.

Қаратау ауданы әкімдігі мен «Қаратау» КММ барша тазалық қызметкерлеріне шынайы алғыс білдіріп, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық пен бақ-береке тіледі.