Қала автобустарының тазалығы мен қауіпсіздігі күнделікті тексеріледі

қоғамдық көлік қызметінің сапасы

Шымкент қаласында қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру, жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында күнделікті бақылау жұмыстары жүргізілуде. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен көлік компаниялары бірлесіп, автобустардың техникалық жағдайы мен санитарлық тазалығына тұрақты түрде тексеру ұйымдастырады.

Таңертеңгі рейс алдында әр көлікке техникалық байқау жүргізіліп, тежегіш, жарық жүйелері, есік пен дабыл қондырғыларының дұрыстығы тексеріледі. Сондай-ақ, жүргізушілердің жұмыс алдындағы медициналық тексеруден өтуі міндетті шарт болып табылады. Бұл – жолаушылардың өмір қауіпсіздігін сақтау үшін қабылданған басты талаптардың бірі.

Тексеру барысында автобустардың ішкі және сыртқы тазалығына да ерекше мән беріледі. Әр бағыттағы көліктер желіге шығар алдында жуылып, дезинфекциядан өтеді. Отыру орындары, тұтқалар мен есік маңайлары арнайы тазалау құралдарымен өңделеді.

«Қоғамдық көліктің тазалығы мен техникалық жарамдылығы – тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы бақылау жұмыстары күн сайын жүзеге асырылады», – дейді Қаратау ауданы бойынша көлік секторының мамандары.

Сонымен қатар, рейстік автобустардың қозғалысы мен жылдамдығы GPS жүйесі арқылы онлайн бақыланады. Бұл жолаушылардың шағымдарына жедел әрекет етуге және жүргізушілердің тәртіп ережесін бұзбауын қадағалауға мүмкіндік береді.

Қала аумағында қызмет көрсететін әрбір көлік компаниясы өз паркін жаңартып, экологиялық стандарттарға сай автобустарды пайдалануға енгізуде. Қазіргі таңда жаңа үлгідегі кондиционерлі, бейнебақылау камераларымен және өрт сөндіру жүйесімен жабдықталған автобустардың үлесі жыл сайын артып келеді.

Қалалық әкімдік тарапынан қоғамдық көлік саласына тұрақты мониторинг жүргізіліп, жолаушылардың пікірлері ескерілуде. Мақсат – шымкенттіктер мен қала қонақтарына таза, қауіпсіз және сапалы қоғамдық көлік қызметін ұсыну.

Жолаушылардың қауіпсіздігі – бірінші орында. Ал автобустардың техникалық жағдайы мен тазалығын күнделікті бақылау – осы мақсатқа жетудің басты тетігі болып табылады.