Қалалық Мәдениет үйінде Арыс қаласының тумасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Түркістан облысы, Арыс қаласы, Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы», мүсінші Тілеуберді Бинашевтың құрметіне арналған шығармашылық кеш өтті. Аталған іс-шараға қала әкімі Г.Құрманбекова, қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, дербес бөлім басшылары, ардагерлер және Еңбек Ерлерінің ұрпақтары мен қала тұрғындары қатысты. Шығармашылық кеш «Байырқұм баласы» сахналық қойылымымен басталды. Талантты мүсіншінің өмір жолынан сыр шертетін қойылым көзі қарақты көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеште қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары Т.Бинашевтің құрметіне әсем әндер тарту етті. Салтанатты жиында Байырқұмның баурайындағы Мұрынқарақ тауының тасына бала жастан қашап сурет салған Тілеуберді ағамыз өзінің балалық шағы, ұлы өнерге құштарлығы қалай басталғаны туралы әңгімелеп, көрермен сұрағына жауап берді. Қала құрдасын мерейтойымен құттықтаған қала әкімі Г.Құрманбекова мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.- Бүгінде ізгілікке толы шығармашылығыңыз жастарымызды рухани кемелдікке жетелесе, өнерге деген құштарлығыңызбен сомдаған бейнелеріңіз көптің көз қуанышына айналды» — деп ыстық лебізін білдіріп, қала әкімі Г.Құрманбекова мен мәслихат хатшысы А.Байтанаев қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, сый-сияпат жасады.Кеш соңы қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының ұйымдастырған концерттік бағдарламасына ұласты.Айта кетейік, Арыс топырағында өсіп өнген Тілеуберді Мелдешұлы қолынан өнері тамып, еліміздің өнер саласындағы еңбегі ұшан теңіз.Оның алғашқы туындылары Сырдария өзені жағасындағы құмға сурет салу, саз балшықтан, әртүрлі денелерді құйса, өнері дамып күш атасы Қажымұқанның келбетін, дене бітімін мүсіндеп жасап, Абылай хан, Әз-Жәнібек, Әл-Фараби, Қайыр хан, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметова, Дінмұхаммед Қонаев, Күләш Байсейітова, Ергөбек ақынның, ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуов сынды атақты тұлғалармен қатар тамыры тереңдегі тарихымызбен сусындаған Мұңлық-Зарлықтың және тағы басқа мүсіндерінің орны ерекше.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі