Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ержан Сейтенов бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын тексеріп, мердігерлерге жұмыстың сапасы мен мерзімін сақтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Алдымен Сайрам тұрғын алабындағы қосымша мектеп-интернаты-колледждің жанынан салынып жатқан 300 орындық жатақхана құрылысымен танысты. Нысанның құрылысы 2025 жылдың наурыз айында басталған болатын. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 24 пайызы орындалды. Үш қабатты жатақхана 12 секцияға бөлінген, оның 6 секциясы қыздарға, 6 секциясы ұлдарға арналған. Әр секция 25 орыннан есептелген. Нысанды ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Таскен шағынауданында салынып жатқан әкімшілік ғимараты бар гараж-тұрақтың құрылыс барысы да тексерілді. Бұл нысанның құрылысы 2025 жылдың шілде айында басталған. Қазіргі таңда жұмыстардың 25 пайызы орындалған. Нысан пайдалануға берілген жағдайда мұнда 20-ға жуық қызметкер жұмыс істеп, өрт сөндіру көліктері, учаскелік полиция пункті, медициналық бөлімше, жол-патрульдік полиция қызметі халыққа қызмет көрсететін болады. Жобаға сәйкес, ғимарат ішінде жұмыс кабинеттері, асхана және оқу сыныптары да қарастырылған. Нысанды жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Айта кетейік, дәл осындай нысанның құрылысы Елтай және Сәуле шағынаудандарында жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Бозарық және Жаңаталап шағынаудандарында да осындай ғимараттар салынады.
Бұдан бөлек, Туран шағынауданында салынып жатқан 4 автокөлікке арналған өрт сөндіру депосының жұмыстары қаралды. Бұл нысанның құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталып, қазіргі таңда 25 пайызға орындалған. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға өтпелі болып бекітілген.
Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары 150 орындық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту орталығының құрылысымен танысты. Нысанның құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында басталған. Бүгінде жұмыстардың 15 пайызы орындалған. Төрт блоктан тұратын ғимаратта арнайы бассейн, спортзал, 150 орындық акт залы және оңалту корпустары қарастырылған. Нысанның толық аяқталуы 2026 жылға жоспарланған.
Ержан Сейтеновтің айтуынша, аталған нысандардың барлығы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Әкімдік тарапынан әлеуметтік инфрақұрылымның уақытылы әрі сапалы салынуы тұрақты бақылауда болады.