Шымкент қаласының әкімі жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Аралау барысында ең алдымен Тұран шағынауданындағы №6 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды.
Жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен бұл мекеме – ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету бағытындағы маңызды орталықтардың бірі. Мұнда 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі және психоневрологиялық сырқаты бар балаларға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда орталықта 140 бала стационарлық жағдайда толыққанды қызмет алса, тағы 100 бала жартылай стационарлық режимде қамтылған. Балалардың күнделікті күтімімен кәсіби мамандар айналысып, емдік шаралар, арнайы бағдарламалар және оңалту жұмыстары жүргізілуде.
Қала басшысы мекеменің ішкі жағдайымен танысып, балаларға жасалған жағдайды өз көзімен көрді. Дегенмен мердігер ұйым тарапынан анықталған бірқатар кемшіліктерге тоқталып, оларды жою жөнінде нақты тапсырма берді. Сондай-ақ, орталық аумағын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын күшейту қажеттігін де атап өтті. Бұл балаларға қолайлы орта қалыптастырумен қатар, ата-аналарға да психологиялық қолдау болатынын ескертті.
Бұдан кейін қала әкімі «Елтай» тұрғын алабында бой көтеріп жатқан сервистік орталықтың құрылысымен танысты. Жобаның басты мақсаты – тұрғындарға жедел әрі сапалы қызмет көрсету. Бұл нысан пайдалануға берілгеннен кейін бір шаңырақтың астында бірнеше құрылым – жедел жәрдем, полиция және қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері қызмет көрсететін болады. Мұндай орталықтың болуы жергілікті халықтың қауіпсіздігі мен әлеуметтік қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Әкім нысанды аралау барысында құрылыс сапасы мен мерзімін ерекше назарда ұстап, мердігер мекемеге жұмыстарды уақытылы әрі талапқа сай аяқтау қажеттігін қатаң тапсырды. Сонымен бірге, орталықтың дер кезінде пайдалануға берілуі тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасына оң әсер ететінін айтты.
Қала әкімі жұмыс сапарын қорытындылай келе, әлеуметтік нысандардың сапалы әрі мерзімінде жүзеге асуы – әкімдіктің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар халықтың сенімін арттырып қана қоймай, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға да тікелей ықпал етеді. Әкімдік тарапынан мұндай нысандардың құрылысы мен жұмысы қатаң бақылауда болатындығы баса айтылды.