Түркістан облысына жұмыс сапарымен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев келді. Сала басшысы облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровпен бірге облыстың бірқатар өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлердің өтінішін тыңдады.
Министр алдымен облыс аумағында орналасқан Өндірістік паркте болды. Онда еліміздегі тұңғыш су үнемдеу құрылғыларын шығаратын «BNK Group LTD» ЖШС жұмысымен танысты.
Биыл өңірде су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарлануда. Негізгі мақсат – шөлейтті аймақ болып есептелетін Түркістан облысында жаңа технологияның көмегімен өнім көлемін арттыру, шаруаларға тиімді жол ұсыну.
Кәсіпорынның бас директоры Ниязәлі Бейсенбаев өндіріс орнының алдағы жоспарларын баяндап, ағымдағы мәселелерге, соның ішінде тауар өткізу нарығын кеңейту қажеттілігіне, сондай-ақ мемлекет тарапынан ынталандыру шараларын арттыру қажеттігіне тоқталды.
Министр бірінші кезекте егін шаруашылығында суды орынды тұтынуға бағытталған бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп, отандық тауар өндірушілерді ынталандыру бойынша қосымша шараларды әзірлеуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Әрі өзімен бірге келген жауапты комитет басшыларына отандық өндірушілерді қолдау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі