Халықпен тығыз байланыс – ел дамуының басты кепілі. Қарабұлақ ауылдық округінде өткен кездесу барысында тұрғындардың талап-тілегі мен күнделікті өміріне қатысты мәселелер ашық талқыланып, шешу жолдары пысықталды. Елді мекеннің тыныс-тіршілігін жандандыруға бағытталған жобалар биыл да өз жалғасын табуда.
Өткен жылы Қарабұлақ ауылын ауыз сумен қамту құрылысы басталды. Бұл – ауыл тұрғындарының көп жылдан бергі ең маңызды сұрауы болатын. Биыл бұл жоба толық аяқталып, ауыл тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізеді деген үміт зор. Сонымен қатар, елді мекенге электр желілерін тарту мақсатында бюджеттен қажетті қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жыл соңына дейін жарық мәселесі де толық шешімін таппақ.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында былтыр ауыл ішіндегі Хамза, Абдураимов, Ахунбабаев және Жастар көшелері орта жөндеуден өтті. Бұған қоса, Ақсуабад пен Қарабұлақты жалғайтын аудандық маңызы бар жолдың жөндеу жұмыстары басталды. Биыл бұл жұмыстар қарқын алып, Үшағаш көшесі де жөнделді. Сонымен қатар, Қарабұлақ ауылының оңайлатылған бас жоспарына түзету енгізіліп, ауыл аумағының дамуы нақты жоспарлармен бекітілуде.
Алдағы уақытта Қарабұлақ ауылын газбен қамту жобасының екінші кезеңі басталады. Бұл – ауыл шаруашылығы мен жеке тұрғындардың тұрмысына серпін беретін маңызды қадам. Хорезмий көшесіне балаларға арналған ойын алаңшасы салу жоспары да іске асады. Бұл бастама ауыл жастары мен бүлдіршіндердің бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында ауыл халқы ауызсу сапасын арттыру, көшелерді жарықтандыру, ауылішілік жолдарды жөндеу және жайылым жер мәселелерін көтерді. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар жайылым тапшылығын тілге тиек етті. Бұл бағытта игерілмей жатқан жерлерді анықтап, ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына беру жоспары қолға алынып отыр.
Ауылдың тыныс-тіршілігін жақсартуға арналған әрбір бастама – халықтың үніне құлақ асып, нақты іспен жауап берудің үлгісі. Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық мәселе назарға алынып, кезең-кезеңімен, заң аясында шешілетіні айтылды. Бұл – бірлік пен сенімге негізделген жүйелі жұмыстың көрінісі.
Қарабұлақ – болашағы бар, берекесі мол ауыл. Мұндағы әрбір жоба – тек нысан ғана емес, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған нақты қадам. Алдағы жылдары да бұл ауылдың көркеюі мен даму жолындағы жұмыстар жалғаса беретіні сөзсіз.