Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында ауыл шаруашылығымен айналысатын халық үшін маңызды саналатын суармалы су мәселесі бойынша көшпелі қоғамдық кездесу өтті. Көктем шыға егіндік пен шабындықты суаруға мұқтаждық артқан кезеңде, шаруалар мен билік арасындағы ашық диалог өткізілуі – ауыл тіршілігіне серпін беретін тың қадам ретінде бағалануда.
Кездесуге Сайрам ауданы әкімдігі жанындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Амзе Қалмұрадов, ауыл әкімдігі мен жергілікті белсенділер қатысты. Басқосудың басты мақсаты – тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, нақты шешімдер қабылдау болды.
Қарабұлақ ауылы – жері құнарлы, еңбекқор халқы бар, егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып отырған ірі елдімекендердің бірі. Алайда соңғы жылдары суармалы су тапшылығы ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізіп отыр. Каналдардың уақытында тазаланбауы, арықтардың бітеліп қалуы, судың әділ бөлінбеуі – шаруалардың өнімділігіне тікелей ықпал етуде.
Көптеген тұрғындар бұрын егістікке су жеткілікті болғанын, алайда қазіргі таңда су көздерінің сарқылып бара жатқанын және инфрақұрылымның тозып кеткенін айтып дабыл қақты. Әсіресе жері төмен орналасқан егістіктерге су жетпей, өнімсіздік артып отыр.
Кездесу барысында ауыл азаматтары тарапынан бірнеше маңызды мәселе көтерілді. Атап айтқанда:
• Су арналарының лай мен қоқысқа толып кетуі;
• Каналдардың аршылмауы салдарынан судың ағысы нашарлауы;
• Су жеткізуде әділетсіздік орын алуы;
• Қосымша техниканың жетіспеушілігі;
• Су берілетін нақты кестенің болмауы.
Бұл мәселелерге байланысты кәсіпорын басшысы Амзе Қалмұрадов ауыл тұрғындарына су таратуды оңтайландыру бағытында бірқатар нақты шаралар қолға алынатынын жеткізді. Атап айтқанда:
• Алдағы күндері арнайы техникалар тартылып, каналдар механикалық жолмен тазартылады;
• Ауыл бойынша су тарату кестесі жаңадан жасалып, ол ауыл әкімдіктері арқылы тұрғындарға жеткізіледі;
• Су пайдалануда әділеттілік сақталып, арнайы бақылау жүргізіледі;
• Су нысандарының техникалық жағдайын жақсарту бағытында жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.
Көшпелі кездесу барысында жауапты тараптар барлық сұрақтарға ашық әрі нақты жауап беріп, шаруалардың ұсыныстарын қағазға түртіп алды. Тұрғындар да өз кезегінде мұндай қоғамдық диалогтың маңыздылығын атап өтіп, билік пен халық арасындағы байланыстың нығайып келе жатқанына ризашылығын білдірді.
Айта кету керек, бұл кездесу – бір реттік шара емес. Мұндай форматтағы қоғамдық қабылдаулар алдағы уақытта басқа ауылдық округтерде де жалғасады. Мақсат – ел ішінде қордаланған мәселелерді жоғарыға жеткізбей-ақ, жергілікті жерде шешу, халықпен етене жұмыс істеу.
Сайрам ауданы әкімдігі мен «Ақсу» МКК басшылығы бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен жүзеге асыруды көздеп отыр. Ауыл шаруашылығын дамыту – тек өнім алумен шектелмейді. Ол үшін бірінші кезекте сумен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды қалпына келтіру, шаруаларға қажетті қолдауды көрсету қажет.
Қарабұлақтағы кездесу осы бастамалардың нақты көрінісі болды. Елді мекеннің өзекті мәселесі жергілікті деңгейде көтеріліп, нақты шешім жолдары ұсынылды. Ендігі міндет – сол уәделердің орындалуын қадағалау, бақылау, әрі жүйелі іске асыру.
Қоғам мен биліктің осындай бетпе-бет кездесуі – ауыл өмірінің сапасын арттырудағы маңызды қадам. Су – тіршілік көзі. Сондықтан оны тиімді басқару мен әділ бөлу – әрбір шаруаның емес, бүтін бір елдің болашағы үшін маңызды.