Қаратау ауданындағы өзендер мен каналдардағы экологиялық ахуал зерттелді

Қаратау ауданындағы өзендер

2025 жылдың алғашқы жартысында Шымкент қаласы арқылы өтетін негізгі өзендер мен каналдар экологиялық мониторингтен өтті. Экология департаментінің зерттеу жұмыстары Қошқар ата, Қарасу, Бадам, Сайрамсу өзендерінде және Қосдиірмен, Тоғыс, Текесу, БМК каналдарында жүргізілді. Алынған сынамалар нәтижесі су сапасына байланысты бірқатар өзекті мәселелерді көрсетті.

Зерттеу қорытындысында өзендердің бастапқы және соңғы нүктелерінде ластаушы заттардың концентрациясы өсіп отырғаны анықталды. Әсіресе, Қошқар ата өзеніндегі жағдай күрделі. Бұл жерде ластанудың басты себебі – өзен жағалауындағы тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне қосылмағандығы. Кәрізге қосылмаған үйлерден тікелей төгінділер ағызылып, су сапасына айтарлықтай зиян келтіруде.

Сондай-ақ қаладағы тығыз құрылыс, ескі суару желілері мен тұрмыстық қалдықтардың дұрыс басқарылмауы да өзендердің жағдайына кері әсер етіп отыр. Экология департаментінің мәліметінше, бұл мәселені шешу үшін тұрғындарды кәріз жүйесіне қосу және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет.

Қаратау ауданы аумағындағы өзендер мен шағын каналдардың да жағдайы бақылауға алынды. Мұнда да тұрмыстық қалдықтардың тасталуы, жасыл желектің азаюы және құрылыс нысандарынан шыққан қалдық сулардың төгілуі сияқты мәселелер бар екені анықталды. Сондықтан аудан тұрғындарының экологиялық жауапкершілігін арттыру, заңсыз төгінділерге тосқауыл қою және қатаң бақылау орнату – кезек күттірмейтін міндет.

Қала үшін ең басты табиғи байлық – өзендер мен каналдардың экологиялық жағдайын жақсарту. Су ресурстарының ластануы тек қоршаған ортаға ғана емес, халықтың денсаулығына да әсер ететіні белгілі. Сондықтан тұрғындардың да табиғатты қорғаудағы жауапкершілігі артуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау – Қаратау ауданы тұрғындарының да ортақ парызы. Әрбір азамат су көздерін қорғауға үлес қосқан жағдайда ғана экологиялық ахуал жақсарып, болашақ ұрпаққа таза табиғат аманат етіледі.