Шымкент қаласы Қаратау ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе көпқабатты үйлер аулаларын қайта жаңғырту, балалар ойын алаңшалары мен спорттық кешендерді салу ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шаралар аудан тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, балалардың қауіпсіз ортада ойнауына және жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға жол ашуда.
Биылғы жылы аудан аумағында бірнеше жаңа ойын алаңы мен спорт алаңы пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде жабдықталған алаңдар тұрғындардың ыңғайына сай орналасып, балалардың бос уақытын қызықты өткізуіне мүмкіндік жасауда. Әсіресе «Нұрсәт» және «Тұран» шағынаудандарының аулаларында орнатылған ойын алаңдары көпшіліктің қуанышына айналды.
Тұрғындар да бұл игі бастамаларға ризашылығын білдіруде. «Бұрын балаларымыз ойнайтын арнайы орын жоқ еді, енді жаңа алаңның ашылғанына қатты қуаныштымыз. Бұл – болашақ ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлық», – дейді «Нұрсәт» шағынауданының тұрғыны Айсұлу К. Ал ауданның тағы бір тұрғыны Ержан Т. болса: «Жаңа спорт алаңы жастарды салауатты өмір салтына баулиды. Енді балаларымыз аулада бос уақытын тиімді өткізеді», – деп өз ойын жеткізді.
Қаратау ауданы әкімдігі мұндай жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Жоспарға сәйкес, жаңа ойын алаңдарын орнату мен аулаларды абаттандыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, әрбір тұрғын үшін қолайлы жағдай жасалатын болады.
Жалпы, абаттандыру жұмыстары Қаратау ауданының келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етуде. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, халықпен бірлескен мұндай бастамалар ауданның өркендеуіне және әлеуметтік ахуалдың жақсаруына елеулі үлес қосады.