Қаратау ауданында аялдамалар тазалығы жіті бақылауда

Қаратау ауданында аялдамалар тазалығы жіті бақылауда

Қаратау ауданында қоғамдық көлік аялдамаларының санитарлық жағдайы қатаң бақылауға алынған. Бұл бағыттағы шаралар тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы орта қалыптастыруға және қаланың санитарлық тазалығын сақтауға негізделген.

Аудан әкімдігі тарапынан аялдамалардың тазалығы тұрақты түрде тексеріліп, мердігер мекемелерге нақты міндеттер жүктелуде. Әсіресе жолаушылар көп қолданатын орталық көшелер мен шағынаудандардағы аялдамаларда тазалық жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Қоқыс жәшіктері дер кезінде тазартылып, аялдама маңы тұрмыстық қалдықтардан арылтылуда.

Бұған қоса, аялдамалардың айналасындағы ирригациялық жүйелердің жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Жауын-шашын кезінде су жиналмауы үшін арықтар тазаланып, аялдама төңірегі ретке келтірілуде. Бұл тұрғындардың жайлылығымен қатар, қала келбетінің сақталуына да ықпал етеді.

Аудан аумағында барлығы жүзден астам аялдама кешені бар. Олардың әрқайсысына жауапты мекемелер бекітіліп, тазалық шаралары жүйелі түрде атқарылып келеді. Жоспарға сәйкес аялдамалардың айналасына көгалдандыру жұмыстары да жүргізілуде. Әсіресе орталық көшелерде сәндік ағаштар мен гүлзарлар отырғызылып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалуда.

Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отырғанын атап өтті:
«Аялдамалардың санитарлық жағдайы – тұрғындардың күнделікті өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Біз үшін басты мақсат – халықтың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету. Сондықтан аялдамалар тек қана көлік күту орны емес, таза әрі қолайлы қоғамдық кеңістік болуы тиіс» – деді аудан басшысы.

Жергілікті тұрғындар да атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беруде. Тұрғындардың айтуынша, аялдамалардағы тазалық жұмыстарының күшеюі қала мәдениетін көтеріп, қоғамдық орындарды пайдалану деңгейін жақсартты. Нұртас шағынауданының тұрғыны Сәуле Қуанышқызы: «Бұрын кейбір аялдамалардың маңында қоқыс жиналып қалатын еді. Қазір мұндай жағдайлар айтарлықтай азайды. Тазалық сақталған жерде тұрғындар да тәртіпке бейімделеді» – деп пікір білдірді.

Аудан әкімдігі аялдамалардың санитарлық жағдайын алдағы уақытта да тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Тиісті мекемелерге күнделікті тазалықты қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, орындалуы бойынша есеп талап етіледі.

Қаратау ауданында қолға алынған бұл шаралар қала тазалығын жақсартуға, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға және қоғамдық мәдениетті арттыруға бағытталған.