Қаратау ауданы бүгінгі таңда Шымкент қаласының ең жылдам дамып жатқан аймақтарының бірі болып отыр. Аудан аумағында халық санының артуына байланысты тұрғындардың өмір сапасын жақсарту мақсатында инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. 223 мыңнан астам халқы бар аумақтың инфрақұрылымын жақсарту – жергілікті биліктің басты назарында. Биыл бұл бағытта ауқымды жобалар іске асырылуда. Ең алдымен, ауыз су, жарық және табиғи газ жүйелерімен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Мәселен, ауыз сумен қамту деңгейі бүгінде 99%-ға жетсе, электр қуаты бойынша көрсеткіш – 100%, ал табиғи газбен қамту – 98% шамасында.
«Тұран», «Сайрам», «Алтын Орда», «Қайтпас» және басқа да шағынаудандарда жаңа құрылыс аймақтарына инфрақұрылым тарту ісі қарқынды жүруде. Ескі желілерді жаңарту, жаңадан тартылған жүйелерді абоненттеу жұмыстары қолға алынған. Ал «Тассай», «Таскен», «Мирас» және «Өтеміс» сияқты елді мекендерде табиғи газ жүйесіне қосу мақсатында жүйелі құрылыс жалғасып жатыр. Жоба толық аяқталғанда ауданның барлық тұрғындары базалық қызметтерге толық қол жеткізетін болады.
Инфрақұрылыммен қатар, көшелерді жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Қазіргі таңда 896 көшенің 545-і жарықтандырылған. Биылғы жоспар бойынша тағы 351 көше жарыққа қосылуы тиіс. Жыл басынан бері оның 239-ы толық жарықтандырылды, ал қалған көшелерде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ауданның жол инфрақұрылымына келсек, ұзындығы 670 шақырымнан асатын 896 көшенің 138-іне биыл асфальт төсеу жоспарланған. Қазірдің өзінде 39 көшеде жөндеу аяқталып, 99 көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге, аса маңызды саналатын Ю. Сареми көшесі мен Алматы айналма жолында күрделі жөндеу басталған. Аудан аумағында су тасқынының алдын алу үшін 16 нүктеге ирригациялық жүйе салу жоспарланса, оның 5-еуінде жұмыс аяқталған, қалғанында құрылыс қызу жүріп жатыр.
Қаратау ауданындағы бұл жұмыстар – тек инфрақұрылымды жаңарту емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Аудан әкімдігі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, әрбір жобаны сапалы әрі жүйелі іске асыруда.
«Халыққа қолайлы жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз», – дейді аудан басшылығы.