Қаратау ауданында күнделікті санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде

санитарлық тазалық жұмыстары

Қала тазалығы – тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыс сапасының басты кепілі. Осы мақсатта Қаратау ауданында күнделікті санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты түрде атқарылып келеді. Аталған жұмыстарды «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері жүзеге асыруда.

Мекеме мамандары таңғы уақыттан бастап аудан аумағындағы негізгі көшелерді, жаяу жүргіншілер жолдарын, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын және қоқыс алаңшаларын ретке келтіреді. Жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы техникалардың көмегімен полигондарға дер кезінде шығарылуда. Сонымен қатар аялдамалар, арық-атыздар, саябақтар мен қоғамдық демалыс орындары да санитарлық тазалықтан өткізіледі.

Бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Қаланың санитарлық жағдайы тұрақты назарда ұсталып, тұрмыстық қалдықтардың уақытылы шығарылуына айрықша мән беріледі. Қызметкерлердің еңбегі нәтижесінде аудандағы экологиялық ахуал жақсарып, тұрғындардың көңіл-күйіне де оң әсер етуде.

«Қаратау» КММ өкілдері: «Таза орта – жарқын болашақтың кепілі. Біз үшін ең бастысы – аудан тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Сондықтан күнделікті тазалық жұмыстары үздіксіз әрі жүйелі түрде жүргізіліп отырады», – деп атап өтті.

Жергілікті тұрғындар да тазалық жұмыстарына оң бағасын беріп, коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады. Олардың айтуынша, қоқыс дер кезінде шығарылып, көшелердің таза болуы балалардың ойнауына, жаяу жүргіншілердің қауіпсіз жүріп-тұруына үлкен мүмкіндік береді.

Аудан әкімдігі қала тазалығы тек коммуналдық мекемелердің ғана емес, әрбір тұрғынның да ортақ міндеті екенін еске салады. «Әр үйдің ауласы таза болса, бүкіл ауданның келбеті жақсарады. Сондықтан тұрғындарды тазалыққа атсалысуға шақырамыз», – делінген ресми хабарламада.

Жалпы, Қаратау ауданында жүргізіліп жатқан күнделікті санитарлық жұмыстардың арқасында аумақтың абаттандырылуы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың өмір сапасының артуына ықпал етуде.