Қаратау ауданы әкімдігінде күзгі көгалдандыру және ағаш отырғызу науқанын ұйымдастыру мәселелері бойынша жұмыс жиыны өтті. Басқосуға ауыл билері, мәслихат депутаттары, мердігер мекемелер мен жауапты сала мамандары қатысты.
Жиынның басты мақсаты – аудан аумағында көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу және тұрғындармен бірлесе отырып, экологиялық мәдениетті дамыту. Кездесу барысында аудан әкімдігі мамандарының зерделеуі негізінде жаңа аллеялар мен саябақтарда, сондай-ақ жаңа көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында көшет отырғызуға арналған нақты орындар белгіленді.
Күзгі науқан аясында ағаш отырғызу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, ауданның экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар бұрын егілген ағаштарға күтім жасау, көгалдарды суару және жасыл желекті сақтау шаралары да назарда ұсталады.
Жиында аудан әкімдігі өкілдері, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері көгалдандыру жұмыстарын бірлесе атқарудың маңыздылығын атап өтті. Талқылау нәтижесінде ағаш отырғызу науқанын тұрғындардың қатысуымен ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды.
– Аудан аумағын көгалдандыру – тек әкімдік пен мердігерлердің емес, барша тұрғындардың ортақ ісі. Әр адам өз ауласын таза, жасыл әрі көрікті ұстауға үлес қосуы тиіс. Табиғатты қорғау – келер ұрпақ алдындағы парызымыз, – деді жиын барысында аудан басшылығы.
Көгалдандыру науқаны барысында сәндік ағаш түрлері мен гүл көшеттері отырғызылып, жаңа демалыс аймақтарында көлеңкелі жасыл белдеулер қалыптастырылады. Бұл жұмыстар экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, ауданның келбетін жақсартуға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қаратау ауданы әкімдігі алдағы уақытта да қала экологиясын жақсартуға бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып, халықты жасыл аймақтарды көбейтуге белсенді атсалысуға шақырады.