Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және аумақты таза ұстау мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аталған бастаманың аясында Қаратау ауданында да ауқымды сенбілік шаралары ұйымдастырылып, оған жергілікті тұрғындар мен түрлі мекеме өкілдері белсене атсалысуда.
Аудан аумағында өткен сенбіліктердің басты мақсаты – көшелер мен аулаларды қоқыстан тазарту, жасыл аймақтарды күтіп-баптау, ирригациялық желілерді ретке келтіру және санитарлық жағдайды жақсарту болып отыр. Жұмыстар жүйелі жүргізілуі үшін Қаратау ауданы 5 секторға бөлініп, әр секторға арнайы кураторлар бекітілді. Олар сенбіліктің тиімді ұйымдастырылуын, тұрғындардың белсенді қатысуын және белгіленген аумақтардың сапалы тазалануын қадағалауда.
Сенбілікке аудан әкімдігі қызметкерлерімен қатар, кәсіпкерлік басқармасы, қалалық жер қатынастары басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасы, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, қаржы басқармасы, «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Жасыл жер» ЖШС өкілдері жұмыла қатысып келеді. Сонымен бірге мектеп оқушылары, ерікті жастар және жергілікті тұрғындар да ортақ іске өз үлестерін қосуда.
Жалпы тазалық жұмыстары барысында көшелер мен аулалардағы қоқыстар жиналып, арықтар аршылды, ағаштар мен гүлзарлардың айналасы ретке келтірілді. Мұндай шаралар ауданның санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді.
Қаратау ауданында сенбіліктер тамыз айының соңына дейін аптаның әр сенбісінде жалғасын табады. Бұл бастама қала тазалығын сақтауға, экологиялық мәдениетті дамытуға және тұрғындарды табиғатты аялауға шақыруға бағытталған.
Аудан әкімі Алмас Абаев тазалық жұмыстарының маңыздылығын ерекше атап өтіп, мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді. Тұрғындар да сенбіліктердің ауданның абаттануына үлкен үлес қосып жатқанын айтып, алдағы уақытта да белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді.