Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси кеңесі Бюросының отырысына қатысып, аудан көлемінде соңғы сегіз айда атқарылған жұмыстардың барысы жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Жиын барысында Қаратау ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инженерлік-инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы, абаттандыру шаралары, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар талқыланды.
Әкім өз баяндамасында аудандағы негізгі міндеттердің бірқатарына тоқталды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы, инженерлік желілерді тарту, көше жолдарын жөндеу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, әлеуметтік саладағы жетістіктерге, білім беру мекемелерін жаңарту және денсаулық сақтау нысандарын қолдау бағытындағы атқарылған шараларға тоқталды.
Қаратау ауданында биылдың өзінде бірнеше жаңа инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде ауыз су және электрмен қамту жүйелерін кеңейту, табиғи газбен қамту аясын ұлғайту, жаңа көшелерді ашу және ескі жолдарды орташа жөндеуден өткізу бар. Бұдан бөлек, аудандағы аулаларды абаттандыру, балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату жұмыстары да қарқын алып келеді. Бұл бастамалар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасайды.
Жиынға қатысушылар аудан әкімінің есебін тыңдап қана қоймай, өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын да жеткізді. Әсіресе тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, халықтың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету, экологиялық қауіпсіздікті сақтау сынды бағыттар басты назарда екені айтылды.
Қорытынды сөзінде Алмас Абаев алдағы уақытта да жоспарланған міндеттерді жүйелі әрі тиімді атқаруға күш салынатынын атап өтті. «Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттырып, Қаратау ауданын заманауи әрі қолайлы мекенге айналдыру. Ол үшін барлық салада бірізділікпен жұмыс атқарылып, нақты нәтижелерге қол жеткізіледі», – деді аудан әкімі.
Жалпы, Саяси кеңес Бюросының отырысында Қаратау ауданының даму қарқынына оң бағалар беріліп, тұрғындардың игілігіне бағытталған жұмыстардың жүйелі түрде жалғасын табатыны баса айтылды.