Қаратау ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды күзгі көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді

күзгі көшет отырғызу

Қаратау ауданы әкімдігі мен «Respublica» партиясының Шымкент қалалық аймақтық филиалы бірлесе отырып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Respublica Eco: Ертеңі үшін ағаш ек» атты ауқымды күзгі көшет отырғызу жұмыстарын ұйымдастырды. Бұл іс-шара экологиялық мәдениетті арттыруға, жасыл желекті көбейтуге және тұрғындардың табиғатты қорғауға деген қатысуын ынталандыруға бағытталған.

Бүгін «Туран-2» шағын ауданындағы Казтуған Жырау көшесінде барлығы 250 түп ағаш отырғызылды. Іс-шараның басында тұрғындар ҚР Мемлекеттік Әнұранын шырқау арқылы акцияны ерекше рухта бастады. Қаратау ауданының әкімі экологияны жақсартудағы қоғамдық белсенділіктің маңызын атап өтіп, тұрғындарды табиғатты қорғауға бірлесе атсалысуға шақырды.

Сонымен қатар қалалық мәслихат депутаты Аскар Молдабеков пен «Respublica» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының м.у.а. Ербол Медеулханұлы да қатысып, акцияны құттықтап, күзгі көшет отырғызу жұмысының мән-маңызын тілге тиек етті. Іс-шараға «Respublica» партиясы жанындағы аймақтық кеңес мүшелері, ReWomen әйелдер қауымдастығының өкілдері және 100-ден астам партия белсенділері қатысып, жасыл желекті көбейтуге өз үлестерін қосты. Белсенді тұрғындар, мәслихат депутаттары және аудан жастары бірлесіп, көшет отырғызу жұмыстарын ұйымдастырып, ортақ іске атсалысты.

Айта кететін жайт, аталған көшелер бойында бүгінгі күнге дейін газон төселіп, автоматты суару жүйесі енгізілген. Бұл отырғызылған ағаштардың тез бейімделуіне және дұрыс суарылуына қолайлы мүмкіндік береді. Көшеттердің қапталын қоршап, суару жүйесін реттеу – олардың өсуі мен дамуына қосымша жағдай жасайды.

Бұл бастама – Қаратау ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы болып табылады. Бұған дейін «Нурсәт» тұрғын алабында, «Алтын Орда» және «Тассай» шағын аудандарында да көшет отырғызу іс-шаралары өткізілген. Осылайша, аудан аумағында экологиялық мәдениетті арттыру, жасыл желекті кеңейту және тұрғындардың экологиялық белсенділігін дамыту бойынша тұрақты шаралар жүзеге асырылуда.

Қаратау ауданы әкімдігі алдағы уақытта да осындай экологиялық акцияларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл шаралар ауданның көрікті келбетін сақтауға, тұрғындардың табиғатқа деген қызығушылығын арттыруға және жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады. Тұрғындар мен қоғам белсенділері атсалысқан әрбір акция ауданның экологиялық ахуалын жақсартып, тұрғындарға жайлы және салауатты орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.