Қаратау ауданы әкімдігінде көпқабатты тұрғын үйлердің басқару жүйесін жетілдіруге арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға КСК төрағалары, үй төрайымдары, тұрғын үй саласының белсенділері мен жауапты мекеме өкілдері қатысты.
Жиынды аудан әкімі Алмас Абаев ашып, тұрғын үй-коммуналдық саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Ол көпқабатты үйлердің техникалық жағдайы мен басқару жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.
– «Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өз үйлерінің тағдырына бейжай қарамай, басқару процесіне белсенді араласуына жағдай жасау. Әр үй – ортақ мүлік, ал оны күтіп ұстау – баршамыздың міндетіміз», – деді аудан басшысы.
Кездесуде Қазақстан Республикасының “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы” заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, көпқабатты үйлерді басқарудың жаңа тетіктері – Меншік иелері бірлестігі (ОСИ) және Екінші деңгейлі нақтыланған субъект (ЭНСУ) ұғымдары жөнінде толық ақпарат берілді.
Мамандырдың айтуынша, бұл өзгерістер тұрғындардың өз үйлерін басқаруға тікелей қатысуына, қаржының ашық және тиімді жұмсалуына, сондай-ақ үйлердің техникалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Енді әр үйдің тұрғындары өздерінің ортақ меншігіне иелік етіп, жиналған қаражаттың қайда, қандай мақсатта жұмсалатынын нақты бақылай алады.
Жиынға Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров пен Тұрғын үй басқармасының міндетін атқарушы Көпжан Телебаев қатысып, өз салалары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олар тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, жаңа басқару формаларының артықшылықтары мен енгізілу тәртібін жан-жақты баяндады.
Сонымен қатар, жиында жылыту маусымына дайындық, табиғи және улы газдан уланудың алдын алу, қауіпсіздік шараларын сақтау мәселелері де қаралды. Мамандар тұрғындарға жылыту жабдықтарын тексеріп, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Кездесу соңында аудан әкімі тиісті бөлім басшыларына және жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
– «Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескерусіз қалмайды. Әрбір мәселе бойынша нақты шешім қабылдап, жүйелі бақылау орнатуымыз қажет. Басты мақсат – халықтың тұрмыс сапасын арттыру», – деді Алмас Абаев.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайтып, ынтымақ пен өзара сенімге негізделген басқару мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қаратау ауданы әкімдігі алдағы уақытта да тұрғын үй-коммуналдық салада түсіндіру және үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, көпқабатты үйлердің жай-күйін жақсартуға бағытталған шараларды жүйелі түрде жүзеге асырмақ.