Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев тұрғындарды жеке қабылдауды тұрақты түрде өткізуді дәстүрге айналдырған. Әкімнің бастамасымен әр айдың екінші және төртінші бейсенбісінде азаматтардың жеке мәселелері қаралады. Мұндай кездесулер жергілікті халықтың өзекті проблемаларын дер кезінде жеткізіп, шешімін табуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі кезекті қабылдау аудан әкімдігінің ғимаратында ұйымдастырылып, сағат 10:00-де басталып, түскі 13:30-ға дейін жалғасты. Шара барысында 10 азамат өз өтінішін айтып, көтерген мәселелерін жеткізді.
Қабылдауға келгендердің қатарында «Алтын Орда» шағын ауданы, Тассай, Нұртас, Нұрсәт шағын аудандары мен Сайрам тұрғын алабынан келген тұрғындар болды. Әрқайсысы өз аумағындағы түйткілді мәселелерді көтеріп, аудан басшысына ұсыныстарын білдірді. Негізгі сұрақтар құрылыс жұмыстары, жер қатынастары, кәріз жүйесін жаңарту, көше атауларына байланысты ұсыныстар, ирригациялық желілердің жағдайы, балалар ойын алаңшаларын көбейту, кондоминиумдар мен КСК жұмысы және кәсіпкерлік бағытындағы қолдауларға қатысты өрбіді.
Азаматтардың өтініштері бірден назарға алынып, жедел шешімді қажет ететін мәселелер бойынша тиісті салалық бөлім басшыларына тапсырмалар берілді. Әсіресе кәріз жүйесіне қатысты шағымдар мен ирригациялық арналардың жағдайы ерекше назарға алынды. Бұл бағытта жауапты мекемелерге нақты шараларды жеделдету жөнінде нұсқау берілді.
Сонымен қатар, заң аясында түсіндірме беруді қажет ететін сұрақтар бойынша тұрғындарға толыққанды ақпарат ұсынылды. Мысалы, жер телімдерін рәсімдеу мен көше атауларына қатысты сауалдар заң талаптарына сәйкес түсіндіріліп, азаматтарға қажетті бағыт-бағдар көрсетілді. Ал ұзақ мерзімді жоспарды талап ететін мәселелер бойынша нақты уақыт кестесі белгіленіп, жауапты қызметкерлерге тапсырмалар жүктелді.
Аудан әкімі Алмас Абаев өз сөзінде тұрғындардың талап-тілегі әрқашан басты назарда екенін атап өтті:
«Жалпы, әріптестерімізбен бірлесе отырып, жұмысты жеделдетіп, нақты нәтижеге қол жеткізуге күш салып келеміз. Әрбір тұрғынның мәселесі – біздің ортақ міндетіміз. Сондықтан әрбір өтініш бойынша нақты шешім қабылдануын бақылауда ұстаймыз» – деді аудан басшысы.
Тұрғындармен тікелей байланыс орнату – әкімдік жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ететін маңызды қадамдардың бірі. Қаратау ауданында мұндай кездесулер жалғасын таба бермек.