Қаржы пирамидасымен күрес

Қаржы пирамидасымен

Бүгінде табысқа кенелемін деп бар жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып қалып жатқан қазақстандықтар аз емес. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тек былтырғы жылдың өзінде 31 мыңнан аса адам қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Көл көсір ақшаның астында қаламын деп көз жасын тия алмай жүргендерді көріп жүрміз. “Қаржы пирамидасы” деген алаяқтардың алаңы екенін білсе де әлі күнге дейін оның шырмауынан шыға алмай жүргендер бар. Оның басты себептерінің бірі, халқымыздың қаржылық сауаттылығының төмендігі болып отыр. Алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп оларды сан соқтырып жатады.

Осыған орай Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандары ауданымыздың тұрғындарына қаржы пирамидаларына қарсы күрес жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, қаржы пирамидаларының түрлері мен сақтық шаралары жазылған арнайы брошюралар таратты.

Егер сіз қаржы пирамидасына тап болғаныңызды сезсеңіз, бірден полицияға хабар беріңіз. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентігіне, Қаржы мониторингі агенттігіне шағымдануға болады.

Қазақстанда қаржы пирамидасын құрғандар қылмыстық жауапқа тартылады. Дәлірек айтқанда, Қылмыстық кодекстің 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен қатар, қаржылық пирамида қызметiн жарнамалағаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 150-бабында айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Қаржы пирамидасының белгілері:

1. Аймақтағы «кепілдендірілген жоғары» табыс (доллармен айына 10 пайыз).

2. «жеңіл әрі жылдам ақша»

3. «Досыңды шақырып бонус алу» жүйесі, реферальдық сілтемелер, тартылған клиенттерден табыс табу.

4. Домендік атау мен сайт мекенжайларын жиі өзгерту, бұзылған сілтемелер мен ескертулер, бұғатталған әлеуметтік парақшалар және т.б.