Қазақтың әр мақалы – рух қазынасы, ұлт құндылығы. «Есік алдында төбе болса, ерттеп қойған атпен тең. Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» деген тәмсілдің мағынасы терең, жөні ерек. Еліміздің өркендеу жолында алдынғы толқын аға буын өзінің ақылмандығымен жастарға үлгі болып отыр. Қариялардың өмірлік жолы мен ақыл-кеңестері әр уақытта жас ұрпақ үшін баға жетпес байлық, темірқазық іспеттес. Өмірде көргені көп, түйгені мол қарттарымыздың ақыл-ойы – халқымыздың рухани байлығы. Сондықтан оларға құрмет пен жылулықты аямау қажет.
1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай, Шымкент қаласындағы “Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығында “Қарты бар ел — қазыналы ел!” атты мерекелік іс- шара ұйымдастырылды.
Мерекелік концертке қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Көпжан Тұрлыбеков орталықтан қызмет алушы зейнеткерлер мен ардагерлерді мерекемен құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
-Қазақ елі қашан да үлкенін сыйлаған. Ұзақ жылдан бері қаламыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қостыңыздар. Міне, атқарған бейнеттің зейнетін көріп отырсыздар. Мемлекеттің қолдауымен қаламызда зейнеткерлер мен ардагерлердің игілігі үшін көптеген бастамалар жүзеге асып жатыр. Осы “Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығы көп мысалдың бірі. Мерек құтты болсын, дендеріңізге саулық, амандық тілеймін, — деді Көпжан Тастанұлы.
Мерекелік жиында Ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжехан Төлебаев орталықтың дамуына үлес қосқан белсенді зейнеткерлерге “Шымкент қаласының құрметті ардагері” төс белгісімен марапаттады.
Мұнан кейін, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Руслан Тұңғышбаев зейнеткерлерге Алғыс хат пен күнделікті қан қысымын бақылайтын танометр құрылғысын сыйға тартты.
Мерейлі мереке орталықтан қызмет алушы ардагерлер дайындағын концерттік бағдарламаға ұласты.