«Қайырымды істер марафоны» ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған «Ең мейірімді» байқауында Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылы «Ең мейірімді ауыл» атағына ие болды.Айтулы іс-шара Павлодар қаласында өтті. Аталған жоба аясында қаламызға қарасты Қожатоғай ауылы II орын жеңіп алды.Ал, Арыс қаласының тұрғыны Әлішер Мұратұлы Республикалық Жомарт жүрек байқауында «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясын жеңіп алды!- Қожатоғай ауылының мейірімді ауылдар қатарынан көрініп, үздіктер сапына ілігуі, осы жерді ертеден мекен етіп, өмір сүріп келе жатқан жергілікті тұрғындардың о бастағы елдік қағидатына тікелей байланысты деп есептеймін. Ауылымыздың елжанды перзенттері өздерінің тұрмыстарына қажетті нысандарды түлектер бастамасымен тұрғызып, жыл сайын туған ауылын ажарландырып келеді. Елдегі рухани жаңғыру бағдарламасынан да бұрын бастау алған бұл үрдіс қожатоғайлық ағайындар үшін жазылмаған қағида ретінде бүгінгі таңда түбегейлі қалыптасып үлгерді. Ауылымыз бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жобалар өте көп — дейді «ең мейірімді» ауылдың әкімі З.Елшібаев.Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Жобаның басты мақсаттарының бірі – жақсылыққа жаны құмар адамдарды біріктіру және ұйымдастыру, қоғам мен адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік беретін, жомарттық пен жақсылық идеясына негізделген қоғам құру.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі