Бүгінгі таңда заманның дамыған уақытында үлкен қалаларда жолда жүретін көліктердің де саны артқан. Көлік санының артқаны кептеліс пен түрлі жол-көлік оқиғаларына алып келеді. Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр.
Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.
Мәселен, сәуір айынан бастап «Сергек Қорғау — қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала — Шымкентте 181 496 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 70, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 5922, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 1499 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 321, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 1312, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 830, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 973 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 48, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 170521 хаттама толтырылып, 4083 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.
«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан бері 8100-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзған 3404 жүргізуші ұсталды.
Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді.
Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.
Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!