Қошқар ата жағалауында 77 мүлік зақымдалды: әкімдік тұрғындарды ұқыпты болуға шақырды

Қошқар ата жағалауында

Шымкент қаласының көрікті орындарының бірі – Қошқар ата өзені жағалауында вандализм фактісі тіркелді. Жаңа абаттандырылған аймақтағы 77 мүлік бүлінгені анықталды. Атап айтқанда, тұрғындардың демалуына арналған 50 орындық пен 27 қоқыс жәшігі сындырылып, қолайсыз жағдай қалыптасты.

Айта кетейік, бұл аумақта 2023 жылы қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Өзен бойына заманауи орындықтар, жарық шамдар, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылып, қоғамдық кеңістік тұрғындардың серуендеп, тынығуына ыңғайлы жаңа кейіпке енді. Жаңа демалыс аймағы қала тұрғындарының сүйікті орнына айналып үлгерген еді.

Алайда көп ұзамай мұнда бірқатар келеңсіздіктер байқала бастады. Соңғы кездері вандализм әрекеттері жиілеп, қоғамдық мүліктің зақымдалуы алаңдаушылық туғызуда. Бұл жағдай тек материалдық шығын әкеліп қана қоймай, қала мәдениеті мен тұрғындардың ортақ игілікке деген көзқарасын да айқындап отыр.

Жауапты басқарма өкілдерінің мәліметінше, алдағы уақытта бүлінген мүліктер толық қалпына келтіріледі. Сонымен қатар, өзен бойына қосымша 140 дана жарық шам орнату жоспарлануда. Дегенмен мәселенің түпкі шешімі тек қана қалпына келтіру жұмыстарында емес, ең алдымен тұрғындардың сана-сезімі мен жауапкершілік ұстанымында екені атап өтілді.

«Қала – баршамыздың ортақ үйіміз. Қоғамдық кеңістікке жанашырлықпен қарау – әрбір тұрғынның азаматтық борышы. Сондықтан Шымкент жұртшылығын қаламызды таза әрі ұқыпты ұстауға, ортақ мүлікті қорғауға және вандализмге жол бермеуге шақырамыз», – делінген әкімдік хабарламасында.

Тұрғындар да бұл мәселеге бейжай қарамай, ортақ игілікті қорғау әрбір азаматтың міндеті екенін айтуда. Жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, мектеп пен жоғары оқу орындарында қоғамдық мәдениетті қалыптастыру бойынша арнайы шаралар қолға алынбақ. Қоғам болып атсалысқан жағдайда ғана Қошқар ата жағалауы ұзақ жылдар бойы қала тұрғындары үшін сүйікті демалыс орны болып қала береді. Вандализмнің алдын алу – тек әкімдік пен полицияның емес, барша тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Ұқыптылық пен жанашырлық танытсақ, қаламыздың ажары арта түспек.