Зорлық-зомбылықтың ең көп тараған түрі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бүгінде бұл барлық елді алаңдатып, әлемдік қауымдастық алдындағы маңызды мәселеге айналып отыр.
Тұрмыстық зомбылықтың алдын алу және болдырмау Қазақстан Республикасының да отбасылық-демографиялық саясатының ең өзекті тұсы. Өйткені, оның өсуі қоғам мен ондағы адамдардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Оның арты өткір әлеуметтік проблемаға әкеліп соғады.
Бұл мәселе бойынша атқарылып жатқан істер аз емес. Әйтсе де әлі де болсын толығымен жойылмай отырғаны көпті алаңдатады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүргенін айтты. «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек» дейді.
Осы орайда жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің жастарына «Зорлық — зомбылық қоғам дерті» тақырыбында маңызды кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланың өмірін қорғау және отбасылық құндылықтарды насихаттау болды.
Кездесуге қатысқан сарапшылар мен психологтар, соның ішінде AZ-UIA (Әз-Ұя) қоғамдық бірлестігінің педагог-психологы Боранбек Алтынбек Срайылұлы, университет психологтары Төлеген Жандаулет Айтуарұлы және Жайлау Индира Ержанқызы, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының психологы Әбдіразақ Әсел Наралықызы өз ойларымен бөлісті. Олар отбасындағы зорлық-зомбылықтың шығу себептерін талдап, оның алдын алу жолдары бойынша кеңестер берді.
Кездесу барысында «Лудомания», «Отбасындағы зорлық-зомбылық», «Суицид» сияқты өзекті тақырыптар қамтылды. Спикерлер жастарға саналы жауапкершілік пен өмірлік құндылықтарды дұрыс таңдаудың маңыздылығын атап өтті. Кездесу соңында жастармен кері байланыс орнатылып, сұрақ-жауап сессиясы өтті.