Қоғам назарындағы экологиялық ахуал қаралды

экологиялық ахуал

Сайрам ауданындағы тұрмыстық қалдықтар полигоны мен каръерге мұнай қалдықтарының заңсыз көмiлуі және оның экологиялық салдары, аудандағы құм-тас каръерлерінің Ақбай-Қарасу су қорына кері әсері, су қорғау аймақтарын анықтау, экологиялық заңдылықтардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы экологиялық кеңестің көшпелі жиынында қаралды.
Сайрам ауданының әкімдігінде өткен кеңейтілген мәжіліске партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев қатысты. Жұмыс жиынын экологиялық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев жүргізді.
Жиын жұмысын бастаған Алтынсары Дүйсенбекұлы, Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында қоршаған ортаға жанашыр болып, оған үлкен жауапкершілікпен және лайықты қамқорлықпен қарау – ұлттық идеологияның өзегі болуы керек деп атап өткенін жеткізді.
«- Сайрам – өңіріміздегі халқы көп аудандардың қатарында. Мұнда 230 мыңнан астам адам қоныстанған. Оның үстіне бұл аудан ірі мегаполис – Шымкент қаласының іргесінде орналасқан. Сол себепті Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен тұрғындарының тұрмыс-тіршілік ахуалы «AMANAT» партиясының ұдайы назарында. Біз қыркүйекте ауданға арнайы келіп, Қарабұлақ және Манкент ауылдарындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының мәселесін көтерген болатынбыз. Бүгінгі жиында ауданның экологиялық ахуалын қайта көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Оған себеп, қоғамның зор алаңдаушылығын туғызған Қарамұрт ауылындағы каръерлердің біріне мұнай қалдықтарының төгілуі. Бұл мәселе бойынша облыстық мәслихат депутаты Нұржан Жамалбеков, партия өкілдері зерделеу жүргізді. Оның нәтижесімен аталған каръер Ақбай-Қарасу су қоры бассейнінде орналасқаны белгілі болып, мұнай қалдықтарының тазаланбауы үлкен экологиялық зиянға айналуы мүмкін екенін айқындап отыр», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Қоғамды алаңдатқан экологиялық мәселелердің шешім табуы, осы салада орын алған заңбұзушылықтың салдарын жою, су көздерінің мұнай қалдықтарымен улануына жол бермеу, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жер асты су қорларына тигізетін зиянды әсерін дұрыс бағамдап, шаралар қабылдау, осы аумақтағы құм-тас каръерлерінде табиғат және су қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, мұндағы жер асты су қорын Шымкент қаласы мен Түркістан облысы тұрғындарының басым бөлігі тұтынатынын ескере отырып, оның тазалығын сақтау мәселесіне арналған жиынға облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, кеңес мүшелері, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев, Түркістан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Бақытжан Әбдешев, Сайрам ауданының прокуроры Бақытжан Байғозиев қатысты.
Күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша Сайрам ауданының әкімі хабарлама жасап, Қарабұлақ, Манкент елді мекендеріндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары мен өзекті мәселелері туралы, аудан аумағындағы жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғалар мен Ақсу өзені бойындағы каръерлердің қолданысы тоқтатылған лицензиялары жайлы мағлұматтар берді. Қарамұрт ауылдық округіндегі кен орнында мұнай қалдықтары көмілуінің дерегі бойынша анықтама беріп, құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан берілген анықтамалық деректерге тоқталды.

Дабыл қағылған дерек бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Садықов, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Бақберген Калдыбеков, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-гі басшысының орынбасары Өтепберген Қыстаубаев, Түркістан облыстық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Бегімхан Ахметов есеп берді. Өз салалары бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармаларының өкілдері хабарлама жасады. Жиынға қатысушыларға көтерілген мәселе бойынша тұрғындардың алаңдаушылығын жергілікті қоғам белсендісі жеткізді.
Көтерілген мәселені талқылауда облыстық экология департаменті және «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы тарапынан қалыптасқан жағдайға кәсіби тұрғыда бағалаулары жоқ екені айтылды. Экологияға келтірілген залал мен су қорына төнген қауіп жөнінде дұрыс бағамдаулар жүргізілмейтіні, шұғыл шаралар қабылданбайтыны, ремидиация және рекультивация бойынша қатаң талаптар қойылмайтыны қатты сынға алынды.
Жер қойнауын заңсыз игеру салдарынан су деңгейі түсіп жатқаны, өзеннің табиғи арнасы бұзылып отырғаны жөнінде мәселе көтерілді. Су қорғау аймақтары мен белдеулерінде бекітілген заң талаптары сақталмайтыны, салдарынан су көздерінің бүлінуі, су арналарының тарылуы орын алып жатқаны айтылды. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында санитарлық нормалардың сақталмауы, олардың жер асты су қорына әсері дұрыс бағамдалмайтыны жеткізілді.
Кеңес мүшелері экологиялық аспектісі өте күрделі бұл мәселенің жедел шешім табуын үйлестіруде, арнайы комиссия құрып, саланың бірінші басшыларының қатысуымен жақын күндері мұнай қалдықтары төгілген аумаққа арнайы барамыз деп шешті. Оның нәтижесін кеңейтілген құрамда қайта қарау ұйғарылды. Сондай-ақ орын алған жағдайға құқықтық баға берілуін қамтуда кеңестің келесі өтетін жиынына облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасының және ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің жауапты өкілдерін қатыстыру ұсынылды. Жиын қорытындысымен хаттамалық шешім қабылданып, оның орындалуын үйлестіруді «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы бақылауға алды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі