Қоғамдағы қылмыс пен құқықбұзушылыққа қарсы күресуі бағытындағы жаңа жүктемелерді толығырақ таныстыру құқық қорғау органдарының міндеті . Құқық бұзушылықтың алдын алу — мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, барлық меншік нысанындағы ұйымдар және Қазақстан Республикасының азаматтары жүзеге асыратын, құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жою арқылы құқықтық тәртіпті сақтауға және күшейтуге бағытталған құқықтық, әлеуметтік, экономикалық ұйымдастырушылық іс-шаралар болып табылады.
Шымкент қаласына арнайы іссапармен келген ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Санжар Әділов М.Әуезов атындағы ОҚМУ 3-4-курс студенттеріне практикалық сабақ өткізді. Сабаққа Тергеу, Анықтау және Жедел-криминалистика басқармаларының басшылары мен аталған жоғарғы оқу орнындағы «Жас заңгерлер» атты клубының мүшелері қатысты. Тәжірибе алмасу сағаты ерекше форматта, яғни Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел-криминалистика басқармасының оқиға орнын қарауға арналған оқу-жаттығу полигонында ұйымдастырылды. Онда әдетте теориялық тұрғыда оқып келген дәрістерін көзбен көріп, сауаттарын арттырып, Санжар Әскенұлына салаға қатысты сауалдарын жолдады. Өз кезегінде, генерал-майор тергеудегі тың деректер және айғақ заттарды қолданудағы ұтымдылықтар мен қылмыстарды ашудың тәсілдері туралы кеңінен айтты.
«Тергеуші оқиға орнын қарау барысында қылмысқа қатысты әрбір заттың сипаттамасын жазып алып, хаттама түзеді. Оқиға болған жерді қараудың негізгі мақсаты дәлелдемелерді тауып, сол арқылы ақпараттарды алу, оларды жинау болып табылады»,- дейді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы С.Әскенұлы.
Айта кетейік, бұл кездесу ҚР ІІМ Ішкі істер органдарына кадрларды даярлау саласында ынтымақтастық туралы меморандумның «Дуальды оқыту» аясында ұйымдастырылып отыр.
Ntime.kz