Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында елімізде атом электр стансасын салу мәселесіне байланысты референдум өтетіні туралы хабарланғалы белгілі.
Қазір атом электр стансасын салу мәселесі жан-жақты талқыланып жатыр. Сонымен, атом электр стансасын салудың маңыздылығы не? АЭС салу қандай қажеттіліктен туындап отыр? АЭС құрылысынан келетін қауіп бар ма? Көпшіліктің көкейіндегі осы сұрақтардың жауабын атыраулық ғалымдардан сұраған едік.
Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Владимир Яшковтың айтуынша, атом энергетикасын дамыту – болашақта болатын энергия тапшылығын болдырмау үшін қажет.
– Алдымен Қазақстанның энергетика объектілеріне тоқталып өтелік. Бірінші көмір туралы айтар болсақ, Қазақстандағы көмір қоры 300 жылға жетеді. Париждің шығарындылар жөніндегі келісіміне сәйкес, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге міндеттеме алды. Сондықтан көмір энергетикасына инвесторлар болмайды. Дегенмен көмір өндірісі басым бағыттың бірі болып қала береді. Еліміздегі 24,5ГВт белгіленген қуаттылықтың 13,4ГВт көмір генерациясымен ұсынылған. Ол күкірт пен азот оксидтерінің, ауыр металдардың эмиссиясымен теріс фактор туғызады, сондай-ақ күлдің көп көлемде болу проблемасы, құрғақ климат және үнемі жел соғып тұруы аумақтың ластануына, экожүйе мен адам денсаулығына кері әсерін тигізеді.
Екінші – газ. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде елімізде бірде-бір газ кен орны толық игерілмеді. Қазақстанда газдың жеткілікті көлемі жоқ. Мысалы, Жамбыл МАЭС алты блокта екі-үш блокты режимде жұмыс істейді, себебі газ қымбат және жеткіліксіз. Жаңартылатын энергия көздерінің тиімділігі төмен. Жел 30%-ға дейін, күн 15% ғана қуат көзі бола алады. Сондықтан ЖЭК негізгі генерация ретінде қарастырылмайды. Олар тек электр энергиясын сақтау құрылғыларымен қолданылады, – дейді ғалым Владимир Яшков.
Ғалымның айтуынша, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін барлық қажетті алғышарт бар. Еліміз қазірдің өзінде ядролық отынды дайындап жатыр. Ол – уран таблеткалары. Егер атом электр стансасын салу бойынша оң шешім қабылданса, Үлбі металлургия зауыты ядролық отынды әзірлеуге дайын.
– Уран қоры бойынша Қазақстан әлемде екінші орында. АЭС үшін уран, отын өндірудің тиімді технологиясы бар. Уран өнімдерін өндіру бойынша «Үлбі металлургия зауыты» АҚ жұмыс істейді, ҒЗИ бар.
С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті Ядролық физика институтымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Атом электр стансаларының қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына қатысты мәселе жоқ екенін атап өтуге болады. Сонымен қатар халықаралық классификация бойынша атом электр стансалары «жасыл энергетика» бөліміне енгізілді, бұл олардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын растайды, – дейді ғалым Владимир Яшков.
Сондай-ақ В. Яшков Қазақстанда АЭС салу қажеттілігін туындатып отырған алғышарттар бар екенін айтады. Еліміздің оңтүстігінде 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы шамамен 2 ГВт болады деп күтілуде.
– Қазір Алматы облысында АЭС салу мәселесі қарастырылып жатыр. Алматы облысы ұлттық электр желісінің топографиясы тұрғысынан ең қолайлы алаң деп танылды. Қазақстанда атом энергетикасын дамыту 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Атом энергетикасын дамытатын мемлекет айтарлықтай үлкен саяси салмаққа ие болады. Әрі дамыған атом энергетикасы Қазақстанның экономикалық өсу, энергетикалық тұрақтылық пен энергия қауіпсіздігі арасындағы теңгерімге қол жеткізе алады. Қазақстанда атом электр стансаларының пайда болуы әрдайым жоғары технологиялық өнеркәсіп пен ғылым салаларын дамытуды қоса алғанда, кешенді ұлттық дамудың драйвері болады, – деді ғалым.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің профессоры Дүйсенбек Құлжановтың пікірінше, атом электр стансасын салу қажеттіліктен туындап отыр.
– Рас, қазір әркім әртүрлі пікірде. Бүгінгі электр энергиясы халықты 100 пайыз қамтып отыр деп айта алмаймыз. Қазір еліміз күннен-күнге дамып, халық саны да көбеюде. Егер демографиялық ахуал осы қарқында дамитын болса, онда бізге АЭС керек болады. Ол арқылы біз энергия тапшылығын жойып, экономикалық жағдайымыз бен энергия қауіпсіздігін жақсарта аламыз, – деді ғалым Дүйсенбек Құлжанов.
Қалай десек те, АЭС салынған жағдайда да, техникалық және экологиялық қауіпсіздік мәселесі бірінші кезекте болуы керек. Сондай-ақ Қазақстан үшін қауіпсіз әрі экологиялық тұрақты шешімдерді іздестіру маңызды.
Баян Жанұзақова