Шымкент қаласында 16 қарашадан қызылшыға қарсы жаппай иммундау басталған болатын. Бүгінге дейін 24 836 контингент екпе алып, яғни бұл жалпы жоспардың 21,0 пайызын құрап отыр. Иммундауға 6 айдан бастап 11 ай 29 күнге дейінгі және 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлері жатады. Екпе салдыру емханаларда тегін жүргізіледі.
Қалада иммундау процесін жүргізу үшін 187 егу пункті ұйымдастырылып, 49 көшпелі егу бригадасы жасақталған. Қазіргі таңда жоспарлы вакцинация жалғасуда. Он бесінші желтоқсанда екпенің қосымша жеткізілімі күтілуде.
Бүгінде эпидемиологиялық ахуал қатаң бақылауда. Қазіргі уақытта қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында 194 пациент, оның ішінде 29 ересек, 165 бала стационарлық ем алуда. Науқастардың жағдайлары қалыпты. Статистикаға сүйенсек, қалада осы жылдың наурыз айынан бері қызылшамен ауырған науқастардың 84 пайызын балалар құрап, олардың 88 пайыздан астамы қызылшаға қарсы екпе алмаған.
Қызылша ауруына қарсы вакцинация жасауға қарсы тұрақты көрсеткіштер — тұрақты иммун тапшылығы жағдайы (АИТВ), қатерлі ісік (қан аурулары), айқын анемия және қанның басқа да ауыр аурулары, кортикостероидтарды немесе сәулелі терапияны ұзақ уақыт қабылдаған тұлғаларға, жұмыртқаның ағына, аминогликозид, неомицин және вакцинаны өндіру кезінде қолданылатын басқа да антибиотиктерге қарсы анафилаксиялық реакциялары, жүктілік, емізу және алдыңғы вакцинаны енгізгеннен кейін 48 сағат ішінде дамыған (дене температурасының Т 40С дейін көтерілуі, құрысқақ, гипотониялық синдром) реакция.
Ал уақытша қарсы көрсеткіштер — жіті жұқпалы аурулар, жіті гломерулонефрит пен нефроздық синдром, сондай-ақ созылмалы ауру үдеп қозғанда, иммуноглобулин немесе қан препараттары егілгенде байқалады.
Айта кетейік, қызылшаға қарсы вакциналар өте сирек реакция береді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі