Жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау жұмыстарының негізінде тек қана білімді болумен шектеліп қоймай, сонымен бірге тәжірибелі, көпті көрген, адамдардың жүрегіне барар кілтті таба білер тәрбиеші болу да маңызды болып табылады. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасалып отырса, жасөспірімдер арасында болатын құқықбұзушылық болмауына пайдасын тигізеді. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы ретте Түркісан қаласындағы Ә. Науаи атындағы №13 мектеп-гимназиясында қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу жайлы және бұл қазіргі уақытта аса өткір мәселе екендігі айтылды.
Жиналыстың негізгі тақырыбы бойынша Түркістан қаласының прокуратурасының прокуроры Ж. А. Мыңжасаров қала көлемінде кәмелетке толмағандар арасында жалпы орын алып отырған құқықбұзушылықтарға тоқтала кетіп, кәмелетке толмағандар 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке, ал 16 жастан бастап әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылатынын ескертіп, қылмыс түрлерін саралап, оның жауапкершілігі жайлы түсіндіріп өтті. Насихаттау тобының мүшесі, Ыждыхат мешітінің имамы Камалов Розмат Сайдакбарович діннің ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетінін, балаларға иманды да инабатты, елі мен жерін сүйетін тұлға болу керектігін айтып, оларды өтірік айту, ұрлық жасау сияқты түрлі зиянды заттардан, әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ УПИ полиция лейтенанты Сапарбеков Асқар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық түрлеріне сипаттама беріп, деректер келтіріп, қылмыс жасалған жағдайда әрбір азамат заңда көрсетiлген ереже бойынша жауапкершiлiкке тартылатынын, Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жас¬өспірімдерге түнгі сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтарда отыруға және түнгі сағат 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынғанын айтып өтті. Құқықтық білім беру арқылы жасөспірім құқықтың не екенің ұғынады және оның санасы қалыптасып, дамиды. Өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарын пайдалана біліп, қатыгездіксіз өмірлерінің сақталуы жолында аянбай еңбек ету – біздің басты парыз. Сондықтан да, жаһандану үрдісі басым болып, батыстық өркениетке еніп келе жатқан қазіргі кезеңге жас жеткіншектерді жаңа заман талабына сай озық ұлттық дәстүр рухы негізінде тәрбиелеп, игі нәтижелерге жету жолында аянбай еңбек етейік.