Қыран ұшса, қанаты талатын; тұлпар шапса, тұяғы кетілетін кең байтақ Қазақстан көптеген заманалар бойы өмірдің елегінен өтіп келеді. Тарихы тереңінен сыр шертетін Ұлы түркілердің ұрпағы – қазақ халқы нағыз қазынаға бай халық. Сан ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері Қазақстан үнемі дамудың үстінде. Әлемдегі алпауыт мемлекеттермен терезе теңестіру мақсатында көптеген іс-шаралар мен жобалар іске асуда. Бұрынғы Қазақстан мен қазіргі Қазақстанның деңгейі жер мен көктей екені анық. Шәкәрім айтқандай: «Өнер — білім бар жұрттар, тастан сарай салғыздының» дәурені болып тұр. Қарап-ақ, көңіл тояды. Алайда, қарқынды даму үстінде өзіміздің ұлттық кодты өшіріп алмадық па, — деген ой келеді. Қарап тұрсақ, қоғамға енгізіліп жатқан көптеген жобалар шет мемлекеттің ұтымды жобасының айна қатесіз көшірмесі. Жоба басында отырған шенеуніктер, халықтың діні мен ділін, ұлттық құндылықтарын елеп-ескерместен, үлкен әрі қымбат жобаны енгізіп жібереді. Нәтижесінде жеңіс те, жеміс те жоқ, есесіне бел-етектен шығын бар. Ауыры қарапайым халыққа артылады.Әр мемлекет өзінің даму жолын өзі жасайды. Бір мемлекеттің немесе мәдениеттің даму жолын толықтай дұрыс санап, бір елге даму үлгісі ретінде көшіріп алу — қауіпті жол. Әлемдік жаһанданудың да ең қауіптісі сол – ұлт өзінің өткенін сараламай, индивидуалды болмысын елемей, өзінің кім екенін ұмытып үлкен бір жүйенің бір бөлшегі – қуыршағына айналуында. Осы орайда қайтпек керек. Еліміздің бірегейлігін бұзбай қалай сақтай аламыз?Жауабы анық – ұлттық рухымызды бойымызда мәңгі сақтау.Ұлттық құндылықтар — ана сүтімен бойға дарып, атадан балаға мирас болып келіп жеткен рухани құндылықтың, имандылық пен инабаттылықтың айнасы. Өзіміздің ұлттық болмысымыз бен мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды танып, бойға сіңіру басты міндет. Егер елдің келешегі үшін қам жеп, жаһандану үдерісінде бет-бейнемізді жоғалтпай сақтап, рухани құндылықтардан ажырап қалмасын, десек, онда өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды сабақтастықпен жеткізу біздің борышымыз. Сырттан келіп жатқан «мәдениетті» жақсылап ой елегінен өткізіп, біздің ұлттық менталитетімізге қаншалықты пайдалы немесе зиянды екенін саралап қана тәлім алған жөн деп ойлаймын. Себебі, басқа елде «мәдениет» болып көрінетін бір қылық, біздің болмысымызға қайшы келуі мүмкін. Даму үшін өзгеден келген дайын шаблонды қолдану – үлкен қателік. Ешқашан бірікпейтін Шығыс пен Батыстың мәдениетіне еліктеп, өзімізді жоғалтып алмауымыз керек. Жат мәдениеттің жетегінде кетпейік. Оның бірден-бір жолы – ұлттық кодты сақтап қалу. Тек қана өз мәдениетімізге, дініміз бен тілімізге құрметпен қарап, даму жолында оларды ұштастыра білгенде ғана біз өзімізді әлемге таныта аламыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Экономика және Бизнес Жоғары МектебіҚаржы және есеп кафедрасыныңаға оқытушысы А. Ахметов.