Ұлттық Құрылтай – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының айқын көрінісі

Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиындарда талқылап, оң шешімін тауып отырған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. «Құрылтай» сөзінің түпкі мағынасы да құралу, жиналу, түгелдену дегенге саяды.

Президенттің бастамасымен құрылған Ұлттық Құрылтай бүгінде билік пен халық арасын байланыстыратын көпір, бір сөзбен айтқанда, екіарадағы дәнекерге айналды. Осылайша, елімізде тарихи түрде қалыптасқан институт қайта жаңғырды.

Құрылтайдың басты жаңашылдығы, қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырды. Бұл ретте, Құрылтай өңірлердегі қоғам белсенділері үшін ашық диалог алаңы ретінде өз тиімділігін көрсетіп келеді.

Қоғамдық кеңестердің жергілікті жердегі тұрақтылықты сақтауда маңызы өте жоғары. Өйткені, қоғамдық диалог, ашықтық, халықтың мұң-мұқтажына жедел назар аудару – осы Қоғамдық кеңестің негізгі басымдықтары болып саналады. Бұл Президентіміз айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасымен үндеседі.

Ең алдымен, Қоғамдық кеңес жергілікті халықтың мәселесін Президентке тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Онда халыққа танымал, беделді тұлғалар өз ой-пікірін айтып қана қоймай, шешу жолдарын тауып, ортақ байламға келіп, Үкіметке ұсынады. Сол арқылы өңір халқының мәсе-лелерін шешу жолдарын ұсынатын, түпкілікті шешімін табатын, қоғамдық ой-пікір ашық айтылатын және оларды нақты іске асыратын тетіктердің бірі болды деп есептеймін.

Бүгінде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан Түркістан облысында 2 миллионнан аса халық тұрады. Өмір болған соң, түрлі мәселе болады. Бұл ретте, Қоғамдық кеңестерде арнайы конкурстан өткен әр жастағы алуан мамандықтағы және түрлі этностағы адамдар өздерінің негізгі жұмысымен тұрақты негізде бірлесе еңбек етіп келеді. Олар өз бастамалары мен ұсыныстарын ел басшылығына ұсыну үшін жиі бас қосып тұрады.

Қоғамдық кеңестердің құрамында Азаматтық альянстың, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар бар. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасты.

Әрине, ашық болмайынша, қоғамдық диалогсыз реформа жүргізу мүмкін емес. Сондықтан реформаларды толыққанды, тиімді іске асыру жолында халқымыздың татулығы мен бірлігі ауадай қажет. Ел тыныш болса, еңбек еселі болады. Басты ұстаным – халықпен тиімді кері байланыс орнату екенін ескерсек, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасады деп сеніммен айта аламыз.

Байділда ЖЫЛҚЫШИЕВ,

Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы