Шымкентте әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралар өтуде

әйелдер

Гендерлік саясат — қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі. Бұл —  қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет екені белгілі.

Қазақстанда гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі міндеті — отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты кешенді мемлекеттік саясатты іске асыру.

Гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» атты заңдармен реттеледі. Бұл заңдар азаматтардың мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Гендерлік саясат әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет.

Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер- азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Халықаралық ареналарда әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Жалпы, әйел заты қазақ қоғамында қашанда ардақты саналған.

Шымкент қаласында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің жетекшілігімен өткен мәжіліске басқарма басшылары және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, олардың еңбегін әділ бағалау және дискриминацияға жол бермеу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының іске асырылуы және жалғызбасты қарттарды әлеуметтендіру бойынша жұмыстар талқыланды.

Комиссия мүшелері талқыланған мәселелер бойынша баяндамашыларға сұрақтарын қойып, бірнеше мәселенің шешу жолдарын қарастырды. Отырыстың нәтижесінде, Шымкент қаласының әкімдігі жанындағы комиссия құзырлы орындарға нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берді. Бұл жұмыстар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға және отбасындағы зорлық-зомбылықты азайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.