Ақмола облысында мемлекеттік қызметтегі басшы әйелдердің үлесі 44,1% құрайды

әйелдердің үлесі

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті 2024 жылдың 9 айы бойынша жұмыс қорытындысын шығарды. Мемлекеттік аппараттың кадрлық жай күйіне жүргізілген мониторинг нәтижесі мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамының жақсарғанын көрсетіп отыр. 

Мемлекеттік қызметшілердің 28,6% — 35 жасқа дейінгі жастар. Мемлекеттік қызметшілердің 89,7% жоғары білімге, 16,7% екі не одан артық жоғары білімге ие. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте ғылым кандидаттары, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының және шетелдік білім беру түлектері жұмыс істейді.

Гендерлік саясат сәтті жүзеге асырылуда — мемлекеттік қызметшілердің 1870 немесе 65% әйелдер. Жалпы, облыстың мемлекеттік қызметінің басшылық лауазымдарында 435 әйел жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жалпы басшы құрамның 44,1% құрайды.

Басшылық лауазымдардағы әйелдердің құрамы келесідей:

— облыс әкімінің орынбасарлары — 0,2%

— қалалардың, аудандардың әкімдері және олардың орынбасарлары — 2%

— аппарат басшылары және олардың орынбасарлары — 3,8%

— облыстық басқармалардың басшылары және олардың орынбасарлары — 3,3%

— құрылымдық бөлімшелердің басшылары — 36,6%

— ауылдық округтердің әкімдері және олардың орынбасарлары — 10,6%

— дербес бөлімдердің басшылары және олардың орынбасарлары — 24,2%

— сектор меңгерушілері — 19,3%

Қызметшілердің мансаптық ілгерілеуі оң серпінге ие: ішкі конкурстардың қорытындысы бойынша тағайындалған қызметшілердің 79,3% жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Мемлекеттік органның ішінде 112 мемлекеттік қызметші ауысу тәртібімен тағайындалды, олардың 41,9% жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Бұдан басқа, қатарынан төрт тоқсан ішінде қызметті бағалаудың жақсы нәтижелерін көрсеткен 6 мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды.

Сондай-ақ, соңғы 3 жылда мемлекеттік қызмет жүйесінен босатылған адамдардың саны азайып келеді. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 1% құрайды.

Жазира Сейтмағанбетова, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі