Шымкентте 2022 жылы Кәсіпкерлер палатасында «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы» ашылды. Орталық – әйелдерді қаржылай емес қолдауға арналған алаң. Онда стартаптарды ынталандыру, жұмыс істеп тұрған бизнестің экономикалық белсенділігін арттыру, сондай-ақ оқыту бағдарламалары мен іс-шараларға қатысу үшін бірқатар қызметтерді ала алады.
Күні бүгінге дейін орталыққа кеңес алуға 404 әйел жүгінген. Оның ішінде, көпбалалы отбасылар – 104, жастар – 40, аз қамтылғандар – 20, еңбекке қабілетті мүгедектер – 14, ешқандай санаттарға жатпайтын – 225 адам көмек алған.
Осындай көмектерге жүгініп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің бірі – шымкенттік Гүлнұр Сейтханова. Ол орталық мамандарының көмегімен «Қыш-құмыра» студиясын ашқан.
–Орталықтағы менторлық сүйемелдеу қызметіне жүгіндім. Ментордың кеңесімен студияларымда жаз уақытысында балаларды өнерге баулу лагерін аштым. Әрі қарай тағы да кеңейіп, осы сазбалшықтан сувенирлер, тойбастарға қажетті заттар жасауға бел будым. Содан «QAZAQ ceramics» брендімен тойбастарларға тапсырыс қабылдай бастадық, -деді кәсіпкер Гүлнұр.