2024 жылдың 2 қыркүйегінен бастап Қазақстанда халықаралық деңгейде танымал зерттеу – ЮНИСЕФ әзірлеген Халықаралық мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (MICS) басталды. Бұл зерттеу еліміздің 24 мыңнан астам үй шаруашылығын қамтиды. Қазақстан үшін бұл MICS зерттеуі төртінші рет ұйымдастырылып отыр: бұған дейін 2006, 2010 және 2015 жылдары өткізілген.
MICS зерттеуінің басты мақсаты – Қазақстандағы әйелдер мен балалардың жағдайын бағалауға арналған негізгі көрсеткіштерді жинақтау. Бұл мәліметтер әлеуметтік және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды анықтауға, олардың шешімдеріне бағытталған саясаттарды жақсартуға мүмкіндік береді.
2024 жылғы MICS зерттеуі Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігімен бірлесе отырып, БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қоры және Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Осы халықаралық серіктестіктердің қолдауы MICS зерттеуінің жоғары деңгейдегі сенімділігін қамтамасыз етеді.
Биылғы зерттеу әйелдер мен балалардың денсаулығы, тамақтану, білім беру, санитария, ерте жастағы даму сияқты маңызды аспектілерді қамтиды.
Зерттеу нәтижелері ұлттық саясаттың тиімділігін арттыруға, осы мәселелердің шешімін табуда нақты ұсыныстар беруге мүмкіндік береді.
Қазақстандағы MICS зерттеуі – елдің әлеуметтік саласын дамытуға бағытталған маңызды қадам. Ол әйелдер мен балалардың өмір сапасын жақсартуға, денсаулық пен білім беру салаларындағы кемшіліктерді жоюға жол ашады.
Зерттеу сапасын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық статистика бюросының тәжірибелі қызметкерлері үшін республикалық семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында интервьюерлер MICS сауалнамаларын дұрыс жүргізу бойынша қажетті білім мен дағдыларды меңгерді.
Сауалнамаға қатысу – ерікті.
Зерттеуге қатысу толықтай ерікті. Заңнамаға сәйкес, деректерді жинау үдерісіне орталық және жергілікті атқарушы органдардың араласуына жол берілмейді. Интервьюерлер Бюро, ЮНИСЕФ, Азия даму банкі және БҰҰ-ның халықты қоныстандыру қорының логотиптерімен жабдықталған киім киеді. Әрбір интервьюердің бейджінде сауалнама туралы ақпарат алуға болатын ресми веб-сайттың QR сілтемесі көрсетілген.
MICS-2024 аясында бес негізгі сауалнама түрі әзірленді:
1. Үй шаруашылығының сауалнамасы
2. Әйелдерге арналған сауалнама
3. Ерлерге арналған сауалнама
4. Бес жасқа дейінгі балалар туралы сауалнама
5. 5-17 жас аралығындағы балалар туралы сауалнама
Әрбір сауалнама тұрмыс пен денсаулықтың маңызды аспектілерін қамтиды. Әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамаларда жұмыспен қамту, неке, психикалық денсаулық мәселелері қарастырылса, балаларға арналған сауалнамаларда ерте даму, иммундау және балалар еңбегі тақырыптары қамтылған.