Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген ҚР Конституциялық заңдарында, ӘРПК-те айқындалады. Егер ӘРПК-де өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі /бұдан әрі – АПК/ ережелері қолданылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің бастапқы ерекшеліктерінің бірі — әкімшілік іс талап қоюды беру арқылы іс жүргізуге қабылданады. Сонымен қатар, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарды, бостандықтарды немесе заңды мүдделерді қорғау және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында даулар қаралады. Сәйкесінше, сотқа берілетін талап қоюлардың дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау және тану туралы түрлері белгіленген. Егер ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қою беруге құқылы.
Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайларда бас тартуға дау айту туралы жеке талап ету қажет етілмейді. Үшінші түрі — әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған мұндай әрекеттерден қалыс қалуды талап етуі мүмкін. Сондай-ақ, заңда белгіленген мерзімде әкімшілік актінің қабылданбауы салдарынан әкімшілік акт қабылданды деп танылған жағдайда заңда көзделген сол нысана бойынша тиісті құжатты беруді де талап етуі мүмкін.
Ал, тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы, егер ол осы Кодекстің 132, 133 және 134-баптарына сәйкес талап қоюды бере алмаса, қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап ете алады. Әкімшілік талап қою кезінде талап қоюшыға ӘРПК-тің 136- бабымен белгіленген талап қою мерзіміне назар аудару қажет.
Талап қою мерзімі, егер сотқа беруге арналған мерзім дәлелді себептермен өткізіп алғанда ғана қалпына келтірілуі мүмкін.
Әкімшілік сот ісін жүргізудегі айтарлықтай ерекшеліктерінің бірі — соттың белсенді ролі.
Сот талап қоюшыға талаптарын тұжырымдауға, өзгертуге, процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге құқылы.
Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды. Әкімшілік сот ісін жүргізудің ерекшелікерінің бірі – дәлелдеу. Дау айту туралы талап қою бойынша дәлелдеу ауыртпалығы жауапкерге түседі, яғни жауапкер шешімінің негізділігін, ӘРПК қағидаттарына қайшы келмейтінін дәлелдеуі керек. Әкімшілік процестің тараптары жазбаша дәлелдемені ұсынған адамдарды қоспағанда, мұндай дәлелдеменің қатыстылығына, жарамдылығына және анықтығына дау айтуға құқылы. Тараптар сотқа әкімшілік істің шын мәніндегі мән-жайлары туралы толық және шынайы түрде мәлімдеуге, әкімшілік істі, әкімшілік процеске басқа да қатысушылардың растайтын фактілерін теріске шығаратын құжаттарды сотқа айтуға немесе ұсынуға міндетті.
ӘРПК-нің 18- тарауында сот өндірісіндегі процестік мәжбүрлеу шаралары белгіленген. Аталған шараларға ескерту, сот отырысы залынан шығарып жіберу, ақшалай өндіріп алу жатады. Алдыңғы екеуі сот ісін жүргізуде қолданылып жүрген шаралар.
Ал ақшалай өндіріп алу мәжбүрлеу шарасы – әкімшілік іс жүргізудегі жаңа ұғым. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды тұлғаға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады.
Аталған шараны сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақтылы бермегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер (әрекетсіздік) үшін қолдануға құқылы.
Ақшалай өндіріп алуды қолдану тараптарды заң мен сотқа құрметпен қарауды қалыптастыру және сот ісін жүргізу міндетін орындауға ықпал етеді.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің тағы бір ерекшелігі — сот шешімінің орындалуына бақылау болып табылады.
Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді.
Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс.
Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.
Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді.
Осылайша, жаңа әкімшілік сот өндірісі — сот жүйесіндегі жағымды өзгерістердің бірегейі болып табылады.
Мақсат – сот жүйесін халыққа жақындатып, мықты әрі тиімді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауға қабілетті жүйе құру.
Еліміздің сот жүйесінің дамыған мемлекеттер сапына қосылуына өз үлесімізді қосу — біз үшін мәртебе, мақтаныш.
Қорыта келе, әріптестерімді әкімшілік соттардың бір жылдығымен құттықтаймын. Еліміздің игілігі жолындағы жауапты жұмыстарыңыздың әр күні сәтті болсын!
Шымкент қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Махаббат Мұздыбаева